«Ұлыстың ұлы күні – ауылда»: Монтайтас тұрғындары Наурызды ұлттық нақышта атап өтті

Арыс қаласына қарасты Монтайтас ауылының тұрғындары Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы мерекесін кең көлемде атап өтті. Дәстүр мен жаңашылдық үйлескен думанды шара ауыл өміріне ерекше сән берді.

Мереке аясында ауыл орталығында киіз үйлер тігіліп, ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, елдің амандығы мен бірлігін тіледі. Ал тұрғындар түрлі ұлттық ойындарға белсене қатысып, мерекелік көңіл-күйді арттыра түсті.

Айтулы шараға арнайы барған Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев ауыл тұрғындарын әз Наурызбен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде бұл мейрамның береке мен бірліктің символы екенін атап өтті.

Думанды кеш барысында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, гір көтеру, арқан тарту, қол күрес және қазақша күрес бойынша сайыстар өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Бұл ойындар ауыл жастарының күш-жігерін шыңдап қана қоймай, ұлттық рухты дәріптеуге сеп болды.

Сонымен қатар, аналар мен ақ жаулықты әжелер ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртып, көпшілікке тағылымды көріністер ұсынды. Олар нәрестені бесікке салу, тұсаукесер секілді рәсімдерді көрсетіп, жас ұрпаққа оның мән-маңызын түсіндірді. Бұл – ата-баба мұрасын бүгінгі күнмен байланыстырудың жарқын көрінісі болды.

Наурыз – табиғат түлеп, тіршілік қайта жанданып, адамдар бір-бірімен көрісіп, ізгі тілектер айтатын ерекше кезең. Көк шығып, мал төлдеп, жер-ана жаңаратын бұл мезгіл – береке мен жаңарудың бастауы.

Монтайтас ауылында өткен бұл мереке – ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың, бірлікті нығайтудың және ұрпақтар сабақтастығын жалғастырудың нақты үлгісі болды.

Ұқсас жаңалықтар

ОРДАБАСЫ: БАДАМДА ЖАҢА БАЛАЛАР АЛАҢШАЛАРЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

berdaly_oraz

ПІСТЕЛІ АУЫЛЫНДА ТУРИСТІК-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ САЛЫНУДА

berdaly_oraz

Түркістан: Жетісайда жүзім шаруашылығы жанданып келеді