Бүгін «Хазіреті Әбу Бәкір Әс-Сыддық» мешітінде қала әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы дін қызметкерлерімен кездесу өткізді.Бұл туралы Arysinfo.kz тілшісі хабарлайды.
Жиынға қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғани Сауытбекұлы, Арыс қаласының бас имамы Абдукамал Абдулкарим және қала мен ауыл мешіттерінің имамдары қатысты.
Басқосуда өңірдегі діни ахуал, мешіттерді құжаттандыру, жастарды теріс ағымдардан сақтандыру және елдің рухани дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Әсіресе, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру және олардың дұрыс ақпарат алуына жағдай жасау қажеттілігі айтылды.
Сонымен қатар, мешіттердегі діни қызметтің сапасын арттыру, имамдардың біліктілігін жетілдіру, мешіттерді құжаттандыру және олардың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері де сөз болды. Қатысушылар дін қызметкерлерінің қоғамдағы рөлін күшейту, халық арасында имандылық пен адамгершілік құндылықтарын насихаттау бағытында ұсыныстарын білдірді.
Жиын соңында қала әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы ұлттық дәстүріміз бен қазақ ойшылдарының мұрасын дәріптеудің маңыздылығын атап өтті. Ол ізгілікке, адамгершілікке негізделген тәрбиенің ұрпақ санасына дұрыс сіңірілуі керектігін айтты. Сондай-ақ, жастардың жат ағымдарға еріп кетуінің алдын алу үшін мешіттер мен жергілікті билік өкілдерінің бірлесе жұмыс істеу қажеттігін жеткізді.
Айта кетейік,қазіргі таңда қала мен ауылдарда 29 мешіт халыққа қызмет көрсетуде. Оларда 33 дін қызметкері еңбек етіп, қоғамның рухани дамуына үлес қосып келеді.
Кездесу соңында қатысушылар бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдіріп, қоғам игілігі үшін атқарылатын жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу туралы уағдаласты.