Түркістан қалалық Мәдениет үйінде мектеп оқушылары арасында дәстүрлі «Ясауитану – 2026» республикалық байқауы басталды. Тағылымы терең бұл шара жас ұрпақтың рухани әлемін байытып, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Биыл 28-рет өтіп жатқан байқауға еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларынан іріктелген 70-ке жуық дарынды оқушы қатысуда.
Салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі лебізін білдірді. Ал «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев жас талапкерлерге ақ жол тілеп, шығармашылық табысқа жетулеріне тілектестік танытты.
Байқауға төрелік ететін қазылар құрамына тәжірибелі мамандар тартылған. Олардың қатарында Нұрлан Дүкенбаев, Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайфулла Моллақанағатұлы, жетекші ғылыми қызметкер Жұмағали Ибрагимов, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ жанындағы ғылыми-зерттеу институтының басшысы Бауыржан Сайфунов пен жетекші ғылыми қызметкер Мұхит Төлеген бар.
Айта кетейік, байқау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының бастамасымен өтуде.
Байқаудың басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауи хикметтері арқылы халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеп, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең танып-білуге әрі оны ғылыми тұрғыда зерделеуге баулу.
