ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖҮГЕРІНІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ІРІ ЗАУЫТ САЛЫНУДА

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

📍Түркістан облысында индустрия мен агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытындағы ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – Шардара ауданындағы индустриалды аймақта бой көтеріп жатқан «Казкрахмал» крахмал-сірне зауыты. Аталған жоба өңірдің өндірістік және ауыл шаруашылығы әлеуетін ұштастыратын маңызды бастама саналады.

🔰Қазіргі таңда кәсіпорында шикізатты қабылдау, кептіру және сақтау кешендері іске қосылған. Сонымен қатар өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен енгізу және қалдықсыз өңдеу технологияларын пайдалану жұмыстары жүргізілуде. Зауытта крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза сиропы, жүгері майы, глютен, кебек және түйіршіктелген құрамажем секілді 20-дан астам өнім түрін шығару жоспарланған. Өндірісте генетикалық түрлендірілмеген жүгері қолданылмақ.

🔰Жоба толық іске қосылған кезде кәсіпорын жылына 150 мың тонна жүгері өңдеп, 26 түрлі өнім өндіруге мүмкіндік алады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы қосылған құнды арттырып, дайын өнім көлемін көбейтуге жол ашады. Жалпы инвестиция көлемі 35 млрд теңгені құрайды. Өнімдер ішкі нарықпен қатар экспортқа бағытталмақ.

🔰Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу және индустриалды аймақтардың әлеуетін пайдалану бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Казкрахмал» жобасы осы жұмыстардың нақты нәтижесінің бірі болып отыр. Болашақта кәсіпорынның өндірістік қуатын 300 мың тоннаға дейін жеткізу жоспары бар.

🔰Жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде жүгеріні қабылдау, кептіру және сақтау инфрақұрылымы жасақталса, екінші кезеңде терең өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде. Осыған байланысты облыста шикізат қорын арттыру мақсатында жүгері егіс алқаптарын көбейту жұмыстары қолға алынған. Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында жаңа алқаптар игерілуде.

🔰Зауыт заманауи технологиялармен жабдықталып, өндіріс процесінің басым бөлігі автоматтандырылған. Бұл өнім сапасын тұрақты бақылауға, шығындарды азайтуға және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық стандарттарға сай өндіріс жүйесін қалыптастыру көзделген.

🔰Мұндай жобалар өңір экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал етеді.

Ұқсас жаңалықтар

Жетісайда биыл заманауи теннис орталығы ашылады

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ҮЙІРГЕЛІК ЖЕРЛЕРДІ ПАЙДАЛАНУ ҚАРҚЫН АЛДЫ

berdaly_oraz

Астанада бейнебақылау жүйесі жаңарады: «Сергек» орнына БАӘ-ден «Presight» компаниясы келе жатыр

berdaly_oraz