Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы бұл мерекенің қоғамымыздың мызғымас құндылықтарын паш ететін қастерлі күн екенін атап өтті. Оның айтуынша, Бірлік күні халқымыздың тілектестігі мен ауызбіршілігі, өзара сыйластығы мен құрметі, отаншылдығы мен перзенттік сүйіспеншілігі кеңінен дәріптеледі.
Президент өз құттықтауында тағдырдың жазуымен елімізде тұрақтаған түрлі этнос өкілдері бүгінде Қазақстан атты киелі шаңырақ астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатқанын жеткізді.
Мемлекет басшысы сөз соңында ел тарихы, бүгіні мен болашағы ортақ екенін атап өтіп, Қазақстан халқының сарқылмас күш-қуаты мен отаншылдық рухына сенім білдірді. Сонымен қатар барша қазақстандықтарға зор денсаулық, амандық және бақ-береке тіледі.
