Еңбек министрлігі зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін қайта қарау себептерін түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі әдістеме азаматтарға белгіленген шектен асқан қаражатты алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, соңғы үш жылда ең төменгі жеткіліктілік деңгейінің өзгермеуі де жаңа түзетулер енгізуге себеп болған.
Осыған байланысты министрлік енді экономикалық тұрғыдан негізделген жаңа есептеу әдісіне көшпек. Жаңартылған жүйеде күтілетін өмір сүру ұзақтығы, инвестициялық табыс және болашақ төлемдердің қажетті деңгейі ескерілетін болады.
Мысалы, 46 жастағы азаматтың шотында 11 млн теңге болса, оның жеткіліктілік шегі 7,8 млн теңгені құрайды. Қазіргі ережеге сай ол 3,2 млн теңгені шешіп ала алады. Алайда бұл шешім болашақтағы зейнетақы мөлшеріне әсер етеді: қаражатты алса, төлем ең төменгі деңгейде қалыптасуы мүмкін (шамамен 35,6 мың теңге). Ал жинақты сақтаған жағдайда, зейнетақы көлемі 2- 2,5 есе жоғары болуы ықтимал.
