ТҮРКІСТАНДА ЖАС САРБАЗДАРМЕН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Түркістан қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай «Адалдық – өмірдің алтын қағидасы» тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шара Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің бастамасымен өтіп, жас сарбаздарға рухани-адамгершілік тәрбие беру, патриоттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында өткізілді.

Кездесу барысында қоғам өкілдері өз ой-пікірлерімен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар берді. Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов «Адал азамат – қоғам тірегі» тақырыбында сөз сөйлеп, адалдық пен жауапкершіліктің ел дамуы үшін маңызын атап өтті. Ол жас буынды заңды құрметтеуге, ел болашағына бейжай қарамауға шақырды.

Ал Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова «Салауатты сана – сапалы өмір кепілі» тақырыбында баяндама жасап, отбасы тәрбиесінің рөлін ерекше атап өтті. Жастарды зиянды әдеттерден аулақ болып, дұрыс өмір салтын ұстануға үндеді.

Сондай-ақ, Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілдері құқықтық тәрбиеге қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Полиция подполковнигі Жанар Қалабаева отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдарына тоқталса, полиция майоры Марат Бимаханов есірткі қылмысының зияны туралы айтып, жастарды сақ болуға шақырды.

Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» бағыттарының қоғам үшін маңызын атап өтіп, жас сарбаздарды мерекемен құттықтады.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өзара пікір алмасты. Мұндай формат жастардың белсенділігін арттырып, олардың ой-пікірін еркін жеткізуіне мүмкіндік берді.

Іс-шара соңында патриоттық әндер орындалып, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Жалпы, осындай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдағы бірлікті нығайтуға ықпал етеді.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкенттік ақын ЮНЕСКО сахнасында арнау айтты

Түркістан облысында ағын суға деген қажеттілік жыл сайын артып келеді

Арыста Көрісу мерекесі кең көлемде аталып өтті

berdaly_oraz