Дереккөз, фото: Сарыағаш ауд әкімдігі
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев «Өндірістік парк» аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкерлермен кездесіп, жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.
Жалпы аумағы 6,5 гектарды құрайтын өндірістік аймақта кәсіпкерлік нысандар инвесторлар қаражаты есебінен салынуда. Қазіргі таңда бір нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға дайын. Сонымен қатар тағы төрт нысанның құрылысы жалғасып жатыр.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мердігер мекеме тарапынан электр, су және өзге де қажетті инженерлік желілерді тарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Аудан әкімі кездесуде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, құрылыс сапасын сақтау және жұмысты уақытылы аяқтау өңірдің экономикалық дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Жалпы, «Өндірістік парк» жобасы ауданның инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын әрі орта бизнестің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.
