Дереккөз, фото: Ордабасы ауд әкімдігі
Ордабасы ауданында көктемгі дала жұмыстары жоспарға сай қарқынды жүргізілуде. Биыл жалпы 71,2 мың гектар егістік алқапты игеру көзделген. Оның ішінде күздік дақылдар 26,3 мың гектарды құраса, жаздық егіс 33,0 мың гектарға орналастырылмақ.
Қазіргі таңда жаздық дақылдар 28,0 мың гектар алқапқа егілді. Бұл – жоспардың 84 пайызға орындалғанын көрсетеді. Шаруалар көктемгі науқанды тиімді ұйымдастырып, уақытылы жұмыстар атқаруда.
Ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға ерекше мән берілген. Нәтижесінде дәнді дақылдар 3,8 мың гектарға, майлы дақылдар 5,4 мың гектарға, ал мақта 5,3 мың гектарға егілді. Сонымен қатар, 2,8 мың гектар жерге жаңа жоңышқа себіліп, бұрынғы жоңышқа алқаптарының көлемі 11,8 мың гектарды құрады. Картоп, көкөніс және бақша дақылдары 5,2 мың гектар алқапқа орналастырылған.
Көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізуде мемлекеттік қолдау шаралары маңызды рөл атқаруда. «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында аудан бойынша 265 жоба қаржыландырылып, шаруаларға қажетті жағдай жасалды.
Минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету де кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл 71,2 мың гектар алқапқа 16,2 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда шаруалар шамамен 4,0 мың тонна тыңайтқыш сатып алып, егіс алқаптарында қолдануда.
Су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Бүгінде 13 шаруа қожалығы 2 450 гектар алқапта су үнемдеу технологияларын енгізіп, бидай, көкөніс және бақша дақылдарын өсіруде.
Жалпы, ауданда көктемгі дала жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, мол өнім алуға негіз қалануда. Даладағы тынымсыз еңбек – берекелі күздің басты кепілі.
