Дереккөз, фото: Түркістан қаласы әкімдігі
Түркістан қаласында көпбалалы аналарды марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиын барысында бірқатар аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды.
Іс-шараға Түркістан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Э. Бейсенова, қала әкімі аппаратының бас инспекторы М. Абуова және көпбалалы аналар қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған Э. Бейсенова қатысушыларды 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, аналардың қоғамдағы рөлі мен отбасы құндылықтарын нығайтудағы еңбегін ерекше атап өтті.
Марапаттау рәсімі Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 7 сәуірдегі №1223 Жарлығына сәйкес өткізілді. Нәтижесінде көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградалары салтанатты түрде табыс етілді.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 17 мыңнан астам көпбалалы ана тұрады. Оның ішінде 1 250 ана «Алтын алқа», 2 749 ана «Күміс алқа» иегері атанған. Сонымен қатар I–II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналар да бар.
Бұдан бөлек, қалада 18 жасқа дейінгі төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған мыңдаған ана тіркелген. Бұл — өңірде отбасы институтын нығайту мен ана мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстардың маңызды көрсеткіштерінің бірі.
