Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру барысына мониторинг жүргізу жөніндегі орталықтың кезекті отырысын өткізді. Жиында өңірлерде экологиялық тұжырымдаманың орындалу барысы, волонтерлік қозғалысты қолдау және экологиялық туризмді дамыту мәселелері қаралды.

Премьер-министрдің айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы жаңа Конституциялық құндылықтармен үндесіп, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатқа жанашырлық таныту бағытындағы маңызды қадамдардың біріне айналған. Ол жергілікті атқарушы органдардың бұл жұмыстағы жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті.

Дархан Сатыбалды Алматы қаласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, экологиялық акцияларға 146 мың адамның қатысқанын жеткізді. Қалада жеті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып, 18 мың текше метр қоқыс шығарылған. Сонымен қатар, санитарлық күтімнің жаңа моделі енгізіліп, аумақтарды тазалау мен тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру жүйесі күшейтілген.

Мегаполисте көгалдандыру жұмыстары қарқын алып, 1,4 миллионнан астам жасыл желек отырғызылған. Биыл гүлмен безендірілетін аумақ көлемі екі есеге ұлғайып, 450 мың шаршы метрге жетті. Сондай-ақ, экологиялық мәдениетті насихаттауға арналған алғашқы мобильді экотрак іске қосылды.

Марат Сұлтанғазиев Алматы облысында өткен экологиялық шараларға 271 мыңнан астам тұрғын қатысқанын мәлімдеді. Өңірде 98 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 6,4 мың тонна қалдық жиналған. Сонымен бірге «Барыс» және «Көшпенділер» экопарктерін дамыту жобалары жүзеге асырылуда.

Қарасай ауданында жылына 450 мың тонна қалдық өңдеуге қауқарлы зауыттың құрылысы жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, туристік аймақтарды абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Атап айтқанда, Қонаев қаласындағы жағажай аумағы жаңартылып, Көлсай көлдері, Тұзкөл және Қаскелең өзені маңындағы туристік нысандарды дамыту бағытында жобалар іске асырылуда.

Асхат Шахаров Ақтөбе облысында 200 мың ағаш отырғызылып, жүздеген бейнебақылау камерасы мен қалдық қабылдайтын фандоматтар орнатылғанын айтты. Сонымен қатар, веложолдар салынып, электромобильдерге арналған қуаттау стансалары іске қосылған. Өңірде демеушілер есебінен жаңа саябақтар мен гүлзарлар салу жұмыстары жалғасуда.

Жиын барысында Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру бойынша өңірлердің пилоттық рейтингін таныстырды. Бағалау барысында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және қайта өңдеу деңгейі, экологиялық акцияларға тұрғындардың қатысуы және TazaQazBot жүйесіне түскен өтінімдердің орындалуы секілді негізгі көрсеткіштер назарға алынған.

Кеңес қорытындысында Премьер-министр өңір әкімдіктеріне экологиялық бастамаларды тиімді жүзеге асыруды жалғастырып, барлық бағыт бойынша көрсеткіштерді жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Ұқсас жаңалықтар

Лауазымынан кеткен, бірақ орнынан кетпеген бе?!Алматыда экс-полковник ұсталды

berdaly_oraz

Түркістан облысында бірнеше ауыл ішімдіктен бас тартты

Түркістанда қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту мәселелері талқыланды

berdaly_oraz