Дереккөз, фото: Ордабасы ауд әкімдігі
Ордабасы ауданында тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аудан аумағында балалар ойын алаңшалары мен спорт нысандары салынып, ел игілігіне кезең-кезеңімен тапсырылуда.
Осы ретте Бадам ауыл округіне қарасты Ақбұлақ ауылында заманауи үлгіде бой көтерген екі балалар ойын алаңшасының ашылу салтанаты өтті. Жаңа нысандар ауыл тұрғындары мен балалар үшін қолайлы демалыс орнына айналмақ.
Іс-шараға ауыл әкімі Нұрлан Байбахов, ауыл ақсақалдары, тұрғындар мен қоғам белсенділері қатысып, алаңшалардың лентасын қиды. Жиын барысында тұрғындар ауыл инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстарға ризашылықтарын білдірді.
Балалар алаңшаларының құрылысы 2025 жылдың соңында басталып, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы аудандық бюджет есебінен жүзеге асырылған. Қазіргі таңда пайдалануға берілген нысандар балалардың қауіпсіз ойнап, спортпен шұғылдануына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Бадам ауыл округіне қарасты Дербес ауылында да балалар ойын алаңшасы мен ашық футбол алаңы пайдалануға берілген болатын.
