Дереккөз, фото: Шардара ауд әкімдігі
Бәкір Мәуленұлы Қалмырзаев – Шардара өңіріне кеңінен танымал еңбек ардагері, саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған азамат. Ол жанар-жағармай саласы мен табиғатты қорғау бағытында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, қоғамдық өмірге белсене араласқан тәжірибелі маман ретінде ел құрметіне ие болды.
Еңбек жолын қарапайым қызметтен бастаған Бәкір Мәуленұлы кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жауапты қызметтер атқарды. Әр жылдары аудандық мұнай базасы мен жанар-жағармай құю бекеттерінде басшылық қызметте болып, мекемелер мен тұрғындарды үздіксіз отынмен қамтамасыз ету ісіне үлес қосты. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі мен техникалық тәртіптің сақталуына ерекше көңіл бөлді.
Кейін Шардара орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесі басшысы ретінде табиғатты қорғау саласында қызмет атқарып, қоршаған ортаны сақтау мен экологиялық тепе-теңдікті нығайту бағытындағы жұмыстарға атсалысты.
Қай салада еңбек етсе де, ол ел мүддесін басты орынға қойып, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәлімгерлік танытты. Адал еңбек пен қарапайымдылықты өмірлік ұстанымына айналдырған ардагер көптеген жастарға үлгі болды.
Мәулен Қалмырзаевтың ұлы ретінде Бәкір Мәуленұлы әке жолын жалғастырып, оның ерлікке толы өмірін кейінгі ұрпаққа насихаттап келеді. Ол естеліктерінде әкесінің Ұлы Отан соғысында ІІІ Украина майданында барлаушы болғанын, соғыстан кейін елге оралып, Созақ пен Шардара өңірлерінде шаруашылық саласында еңбек еткенін жиі айтып отырады.
Бүгінде Бәкір Мәуленұлы қоғамдық өмірден қол үзбей, жастар тәрбиесі мен патриоттық рухты нығайту бағытындағы кездесулерге қатысып келеді. Мектептер мен әскери-патриоттық клубтарда жастармен жүздесіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісуде.
Қалмырзаевтар әулеті де өңірдің қоғамдық-мәдени өміріне белсенді араласып келеді. Шардара өңірінде Мәулен Қалмырзаев атындағы мектеп-интернат жұмыс істеп, елге еңбегі сіңген тұлғаның есімін ұлықтауға арналған шаралар ұйымдастырылып келеді.
Ардагер бүгінде үлкен әулеттің ақылшысы ретінде ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөліп, бала-шаға, немере-шөберелерінің ортасында ғибратты ғұмыр кешіп отыр. Оның өмір жолы – адал еңбек пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі.
