ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАУЫН ӨНІМІ РЕСЕЙГЕ ЭКСПОРТТАЛУДА

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Жетісай ауданында биыл егілген қауын дақылдарының алғашқы өнімі пісіп, шаруалар өнімдерін сыртқы нарыққа жөнелте бастады. Аудан диқандары 79,2 мың гектар суармалы жердің 44 мың гектарына мақта, 17,1 мың гектарына бақша дақылдарын, 7,5 мың гектарына дәндік жүгері, 3,7 мың гектарына көкөніс және 6,4 мың гектарына жоңышқа еккен.

Аудан тұрғыны Әл-Фараби Күзенбаев бірнеше жылдан бері диқаншылықпен айналысып келеді. Оның жетекшілігіндегі Әл-Фараби шаруа қожалығы иелігіндегі 300 гектар жердің 260 гектарына мақта, ал 40 гектарына қауын егілген.

Шаруашылық биыл да өнімін ерте нарыққа шығарып отыр. Қожалықта қауынның «Нұр-Бакинка» сорты өсірілген. Ақпан айының соңында отырғызылған көшеттер ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты жоспарланған 65 күннің орнына 80 күнде пісіп жетілген.

Қазіргі таңда алғашқы өнімдер Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына экспортталуда. Шаруалардың айтуынша, өнім егістік басынан делдалсыз келісіне 650 теңгеден сатылып жатыр.

– Биыл қауын сәл кештеу пісті. Соған қарамастан сұраныс жақсы. Ағын су тапшылығы болған жоқ. Өнімімізді тікелей экспортқа шығарып жатырмыз, – дейді Әл-Фараби Күзенбаев.

Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 17,1 мың гектар жерге бақша дақылдары егілсе, оның 14,2 мың гектары қауын, 3 мың гектары қарбыз алқаптары. Өткен жылы ауданда бақша дақылдарынан жалпы 510 мың тонна өнім алынған.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте төрт күнде 5 368 жол ережесін бұзу дерегі тіркелді

Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы ақпарат жалған — Айдос Үкібай

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАНДА «ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕ» АТТЫ ӨҢІРАРАЛЫҚ ФОРУМ АЯСЫНДА AI ХАКАТОННЫҢ АШЫЛУЫ ӨТТІ

Redaktor Arysinfo