ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ «YDA HOLDING» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ ХУСЕЙН АРСЛАНМЕН КЕЗДЕСТІ

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров түркиялық YDA Holding компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Арсланмен кездесті. Басқосуда Түркістан қаласында салынып жатқан 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысын аяқтау, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында облыс әкімі Түркістанның түркі әлеміндегі рухани әрі тарихи маңызына тоқталып, өңірдің соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Түркия тарапынан тартылған инвестициялар мен бірлескен жобалардың өңір экономикасына оң әсер етіп отырғанын жеткізді.

– Қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер. Түркістан бүгінде түркі әлемін байланыстыратын маңызды орталыққа айналып келеді. «YDA Holding» компаниясы қысқа уақыт ішінде халықаралық әуежай құрылысын жүзеге асырып, өңірдің инфрақұрылымдық дамуына үлес қосты. Қазіргі таңда бірлесіп 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларында да әріптестікті дамытуға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, шетелдік серіктестермен жаңа жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық бар екенін айтты.

Өз кезегінде Хусейн Арслан Түркістан өңірінің даму қарқыны жоғары екенін айтып, алдағы уақытта да бірлескен бастамаларды қолдауға ниетті екенін білдірді.

– Түркістанның бұрынғы келбетін де, бүгінгі жаңарған бейнесін де көрдім. Қаланың дамуы ерекше әсер қалдырады. Біз инвестициялық жобаларды талқылауға дайынбыз. Түркістандағы 570 орындық аурухананы осы жылдың соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл заманауи әрі жоғары деңгейдегі медициналық мекеме болады деп сенеміз, – деді ол.

Айта кетейік, Түркістан қаласындағы көпбейінді аурухананың құрылысы республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылуда. Жоба үшін 15,6 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында басталған. Қазіргі таңда нысан құрылысының 86 пайызы аяқталған. Жоба іске қосылғаннан кейін өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысындағы кітапханалар 200 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсеткен

Түркістанда жалпықалалық сенбілікке 800-ден астам адам қатысты

25 ақпан күні Арыста электр жарығы уақытша сөнеді

berdaly_oraz