дереккөз фото Түркістан облысы әкімдігі
Түркістан төріндегі қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тағы бір тарихи жәдігермен толықты. Көпшілік назарына Осман дәуірінің атақты каллиграфы Ахмед Шемседдин Карахисаридің қолынан шыққан ерекше Құран кітабы ұсынылды. Қасиетті қолжазба бүгінде музей қорындағы ең құнды мұралардың бірі ретінде бағаланып отыр.
Біз арнайы музейге барып, көне жәдігермен жақынырақ таныстық. Музей қызметкерлері қолжазбаның тарихы, жазылу ерекшелігі және рухани маңызы жөнінде кеңінен мәлімет берді. Мамандардың айтуынша, бұл Құран кітабы ислам өркениетіндегі каллиграфия өнерінің ең үздік үлгілерінің бірі саналады.
Ахмед Шемседдин Карахисари – Осман империясы кезеңіндегі ең танымал каллиграфтардың бірі. Оның қолтаңбасы ислам әлемінде ерекше бағаланып, көптеген тарихи еңбектерге арқау болған. Шебердің жазу мәнері нәзіктігімен, әріптердің үйлесімділігімен және көркем нақышымен ерекшеленеді.
Көне Құран қолжазбасында алтынмен апталған өрнектер мен ұлттық ою элементтері де сақталған. Әр беті асқан ұқыптылықпен безендіріліп, ғасырлар бойы өз қалпын жоғалтпай бүгінгі күнге жеткен. Бұл жәдігер тек діни мұра ғана емес, сондай-ақ ислам мәдениеті мен өнерінің баға жетпес құндылығы ретінде бағаланады.
Музей мамандарының сөзінше, мұндай қолжазбалар өте сирек кездеседі. Сондықтан оның Түркістандағы қасиетті кесенеге сыйға тартылуы – тарихи әрі рухани маңызы зор оқиға. Қазіргі таңда көне Құран арнайы жағдайда сақталып, келушілерге таныстырылып келеді.
Түркістанға келетін туристер мен зияратшылар үшін бұл жәдігер ерекше қызығушылық тудырып отыр. Көпшілік тарихи қолжазбаны тамашалап қана қоймай, ислам өркениетінің бай мұрасымен де танысуға мүмкіндік алуда.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ғасырлар бойы түркі дүниесінің рухани орталығы саналып келеді. Енді осындай құнды Құран кітабының музей қорына қосылуы тарихи орынның маңызын одан әрі арттыра түсті
