Арыс қаласының мақтанышы Ерсайын Сырайылұлы мемлекеттік наградаға ие болды

Арыс қаласының мақтанышы Ерсайын Сырайылұлы мемлекеттік наградаға ие болды,деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.

Дубайда өткен әлемдік деңгейдегі «SWAT Challenge» сайысында Қазақстан атынан 12 команда бақ сынап, жалпы есепте екінші орынға ие болды. Бұл жарыста әлемнің 53 елінен 106 команда арнайы күштер арасындағы үздіктерді анықтау үшін бес күн бойы күресті.

Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғағандардың бірі – Арыс қаласының тумасы Қаппар Ерсайын Сырайылұлы. Ол С.Қожанов мектебінде білім алып, кейін Алматыдағы Олимпиадалық резерв мектебіне оқуға түсті. Одан соң Құрлық әскерлері институтын тәмамдап, қазіргі таңда ҚР Қарулы Күштерінің Арнайы операциялар күштерінде аға лейтенант шенінде қызмет етуде.

Дубайдағы сайыста Ерсайын «KAZ COF JAUBASAR» командасының құрамында өнер көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Оның бұл жетістігі әскери саладағы еңбегін айшықтап, мерзімінен бұрын капитан шенін алуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, Ерсайын – бірнеше спорт түрінен шебер атанған тәжірибелі спортшы. Ол бокстан, қоян-қолтық ұрыстан, армиялық қоян-қолтық ұрыстан Қазақстанның спорт шебері атағына ие. Жақында унифайт спортынан да шеберлік деңгейіне кандидат атанды.

Оның ерен еңбегі мемлекет тарапынан да елеусіз қалмады. Өткен аптада Ерсайын Сырайылұлы Мемлекет басшысының қабылдауында болып, Президенттің қолынан мемлекеттік награда алды.

Арыс қаласының тумасы Ерсайынның бұл жетістігі туған жері үшін үлкен мақтаныш. Оның табандылығы мен қажыр-қайраты жастарға үлгі болары анық. Ел тыныштығы мен намысын қорғауда алдағы қызметіне толағай табыстар тілейміз!

 

Ұқсас жаңалықтар

«Туған күн тойлап,мәз-мейрам» Алматы облысында 16 жастағы Шерзатты өлтірді деген күдікке ілінгендердің тергеу изоляторында дастархан жазған видеосы желіде тарады

berdaly_oraz

Түркістан облысы: Шардара ауданында автогаз құю бекетінде жарылыс болып, екі адам қаза тапты

berdaly_oraz

Қазақстанда 22,7 млн тоннадан астам астық бастырылды

admin_arysinfo

Пікір жазу