ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА ІРІ ҚАРА СҮЙЕГІН ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ АШЫЛАДЫ

Түркістан облысында инвестициялық жобалар қарқынды жүзеге асуда. Соның бірі – Ордабасы ауданы Темірлан елді мекенінде салынатын ірі қара мал сүйегін терең өңдейтін зауыт. Жобаны қытайлық Huating Biotechnology компаниясы іске асыруда.

Инвестиция көлемі – 9 млрд теңге. Қазіргі таңда 10 гектар аумақта өндірістік кешеннің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, қажетті құрал-жабдықтар жеткізілген.

Зауытта мал сүйегі мен қанын өңдеу арқылы:
дәрі-дәрмек өндірісіне қажетті пептон,
авиаотын өндірісінде қолданылатын май,
фарфор өндірісіне арналған көмір өндірілмек.

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап мал қанынан мал шаруашылығына қажетті жем шығару жоспарланып отыр. Кәсіпорын жылына 5 мың тонна сүйек өңдей алады.

 Жоба толық іске қосылғанда 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өндіріс өңірдегі шикізатты терең өңдеуді дамытып, экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Түркістан облысында жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге басымдық беріліп, өндірістік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда ерлік рухы ұлықталды: жас полицейлер ант берді

Түркістан мен Шымкентте 48 адам рақымшылықпен бостандыққа шықты

Өңір жаңалықтары: Ордабасылықтар Қажымұқан Мұңайтпасұлының 154 жылдығын атап өтті