ШЫМКЕНТТЕ БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДЕ

Дереккөз, фото: Шымкент қаласы әкімдігі

Шымкент қаласында аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын ұстануына, денсаулығын нығайтып, қоғамдық ортадан қол үзбеуіне бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты Белсенді ұзақ өмір орталығы.

Орталықтың негізгі мақсаты – зейнеткерлердің өмір сүру сапасын арттыру, оларды шығармашылық, зияткерлік және қоғамдық белсенділікке тарту. Сонымен қатар, мәдени-демалыс бағытындағы шаралар арқылы ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінеді.

Қазіргі таңда орталықтың төрт бөлімшесінде күніне 800-ге жуық зейнеткерге қызмет көрсетілуде. Жыл басынан бері 3200 адам қамтылып, 323 жаңа қатысушы тіркелген. Мұнда емдік денешынықтыру, массаж, фитобар, психолог қызметі, тұзды кабинет, бассейн, йога, хореография, еңбек терапиясы, бейнелеу және қыш өнері, кітапхана, компьютерлік және қаржылық сауаттылық, сондай-ақ ағылшын және араб тілі сабақтарын қамтитын 36 түрлі қызмет түрі ұсынылады.

Соңғы уақытта ағылшын тілін үйренуге қызығушылық артып, бүгінде төрт бөлімшеде екі ауысым бойынша 180-ге жуық зейнеткер шет тілін меңгеруде.

Сонымен қатар, қатысушылар апта сайын Дендросаябақта серуендеп, түрлі сауықтыру және мәдени шараларға қатысады. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында қойылатын спектакльдерді тамашалау да дәстүрге айналған.

Орталықтың медициналық-сауықтыру бағытындағы жұмыстары да оң нәтиже көрсетуде. Мамандардың мәліметінше, гипертония, бронхит, артрит және артық салмақ мәселелері бойынша қызмет алушылардың басым бөлігінде денсаулық көрсеткіштері жақсарған.

Мамандардың айтуынша, мұндай әлеуметтік бастамалар қариялардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына және өмірге деген құлшынысын арттыруға мүмкіндік береді.

Ұқсас жаңалықтар

Монтайтаста алаяқтар тұрғындарды 12 миллион теңге қарызға батырды

berdaly_oraz

Жетісайда суға түсу қауіпсіздігін арттыру мақсатында каркасты бассейндер орнатылуда

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА «СПОРТ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ!» ҰРАНЫМЕН 300 ТҰРҒЫН ҚАТЫСҚАН МАРАФОН ӨТТІ

berdaly_oraz