Алматыдағы Эко-Трак жобасы Созақ мектептерінде экологиялық мәдениетті дамытып жатыр

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

2026 жылғы 19–20 мамыр күндері Түркістан облысы Созақ ауданындағы ауыл мектептерінде «Жасыл мектеп» бағдарламасы аясында экологиялық фестивальдер өтті. Жоба 2025–2026 оқу жылына арналған бағдарлама қатысушылары үшін ұйымдастырылды. Бастамашы — қазақстандық және француздық серіктестер құрған «KATKO» бірлескен кәсіпорны.

Бағдарламаға Созақ ауданындағы бес мектеп қатысты:

  • Шолаққорған ауылындағы Асқар Сүлейменов атындағы мектеп;
  • Таукент ауылындағы Исмет Кеңесбаев атындағы мектеп;
  • Таукент ауылындағы Сүгір Әліұлы атындағы мектеп;
  • Тасты ауылындағы Абай атындағы мектеп;
  • Шу ауылындағы Жаппас Қаламбаев атындағы мектеп.

Жобаға 3500-ден астам адам қамтылды.

18 мамыр күні Түркістан қаласына «Алматыны дамыту орталығы» АҚ жанындағы «Жасыл Алматы» жобалық кеңсесінің жетекшісі әрі ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов жұмыс сапарымен келді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев №32 мектептегі Эко-Трак көрме алаңына барып, жобамен танысты.

Эко-Трак — «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының екі жылдығына орай іске қосылған экологиялық бастама. Жоба аясында қатысушылар пластикалық қақпақтарды арнайы велошредерлер арқылы ұсақтап, қайта өңдеу процесін өз көздерімен көрді. Сол жерде қайта өңделген материалдан брелоктар, телефон тіреуіші, шахмат секілді бұйымдар жасалды.

Балалар экологиялық викториналар мен ойындарға қатысып, қайта өңдеу процесінің маңызын тәжірибе арқылы түсінді. Арнайы дайындалған сыйлықтардың қатарында Созақ ауданының символикасы бейнеленген «Мыңжылқы» телефон тіреуіші мен «Green School Sozak District» брелогы болды.

Жоба аясында әр мектепте қалдықтарды бөлек жинауға арналған жәшіктер, ақпараттық плакаттар мен жапсырмалар орнатылды. Оқушылар макулатура, пластик, шыны және алюминий қалдықтарын жинаумен айналысты. Сонымен бірге дүкендер мен емханаларда да түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бағдарлама нәтижесінде:

  • 1321 кг макулатура;
  • 52 кг алюминий;
  • 102 кг пластик бөтелке;
  • 56 кг пластик қақпақ жиналды.

Сондай-ақ 30-дан астам экологиялық дәріс өткізіліп, әлеуметтік желілерде 70-тен аса материал жарияланды.

19–20 мамыр күндері өткен қорытынды ЭКО-фестиваль барысында мектептер арасындағы байқау жеңімпаздары марапатталды.

Нәтижелер:

  • «Шикізат жинау көшбасшысы» — А. Сүлейменов атындағы мектеп;
  • «Экологиялық бастамалар көшбасшысы» — Ж. Қаламбаев атындағы мектеп;
  • «Үлкен әлеует» номинациясы — Сүгір Әліұлы, И. Кеңесбаев және Абай атындағы мектептер.

Жоба моделі бойынша жоғары сынып оқушыларынан эко-рейнджерлер клубы құрылып, олар бастауыш сыныптарға экологиялық білім береді. ECO Network мамандары ай сайын мектептерге барып, бағдарламаның орындалуына мониторинг жүргізген.

Соңғы жылдары компания өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 8,2 млрд теңгеден астам қаржы бөліп, 490 жоба жүзеге асырған. Олардың қатарында тұрғын үйлер салу, мектептерді жөндеу және білім беру мекемелерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары бар.

Ал ECO Network жобасы 2018 жылы Алматы қаласында басталып, бүгінде Қазақстанның 10 қаласында жүзеге асып келеді. Жоба экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірнеше бағдарламаны қамтиды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Түркістан облысына іссапармен келді

Альфия Адамбек

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТРАНЗИТ ҮШІН МАҢЫЗДЫ ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Redaktor Arysinfo

Арыста сауда орындарының қауіпсіздігі басты назарда

berdaly_oraz