Арыс қалалық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті.
Іс-шараға қала әкімдігі қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Семинарды қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалымжан Садықов ашып, сөз кезегін аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Махановқа берді. Өз баяндамасында комиссия төрағасы сайлау процесін ұйымдастырудың негізгі кезеңдері, сайлаушылармен жұмыс жүргізу тәртібі, дауыс беру күні комиссия мүшелерінің міндеттері мен жауапкершілігі, сондай-ақ сайлау заңнамасының талаптары туралы кеңінен түсіндірді.
Семинар барысында Республика партиясы қалалық филиалының төрағасы М.Төлебеков сайлау кезіндегі БАҚ пен блогерлердің қызметіне қатысты мәселелерді көтерсе, AMANAT партиясы қалалық филиалының төрағасы Б.Ділдәбеков сенімді өкілдер, байқаушылар және сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты заңнамадағы өзгерістер жөнінде пікір білдірді.
Сондай-ақ Тәжік соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Н.Атабеков учаскелік сайлау комиссиясының мүшелігіне өту тәртібіне байланысты сауал қойып, оған жан-жақты жауап алды.
Жиын соңында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Жүніс алдағы сайлау науқандарын заң талаптарына сәйкес, ашық әрі әділ өткізудің маңыздылығына тоқталып, барлық қатысушыларды сайлау заңнамасын сақтауға шақырды.
