Путиннің болжамы: Қазақстан электр қуатының бестен бірін АЭС-тен өндіреді

Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанның энергетикалық болашағына қатысты маңызды мәлімдеме жасап, алдағы уақытта елдегі электр энергиясының шамамен 20 пайызы атом электр станцияларында өндірілетінін айтты.

Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында халықаралық ақпарат агенттіктерінің өкілдерімен кездескен Путин Қазақстанның табиғи ресурстарға аса бай мемлекет екенін атап өтті. Оның айтуынша, әсіресе атом энергетикасы үшін қажетті шикізат қоры Қазақстанның бұл саладағы мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.

Ресей басшысы екі ел арасындағы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын жеткізді. Оның пікірінше, атом электр станцияларын салу мен дамыту Қазақстанға энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, электр энергиясын өндіру көздерін әртараптандыруға мүмкіндік береді.

«Қазақстан өзінің бай ресурстық базасына және серіктестік әлеуетіне сүйене отырып, энергетика саласында үлкен жетістіктерге жете алады. Алдағы уақытта елдегі қажетті электр энергиясының 20 пайызы атом электр станцияларынан алынатынына сенемін», – деді Владимир Путин.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда АЭС салу мәселесі соңғы жылдары қызу талқыланып келеді. Елде электр энергиясына деген сұраныс артып жатқан тұста атом энергетикасы тапшылықтың алдын алудың және тұрақты қуат көзін қалыптастырудың бір жолы ретінде қарастырылуда.

Путиннің бұл мәлімдемесі Қазақстанның атом энергетикасына қатысты стратегиялық жоспарларының халықаралық деңгейде де назарда екенін көрсетті.

Ұқсас жаңалықтар

Канадада миллиардер Илон Маскты eл азаматтығынан айыруды талап етілуде

berdaly_oraz

Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қазақстан азаматтарына арналған ұсынымдар

Redaktor Arysinfo

Қазақстандықтардың табысы мен шығысы eGov жүйесіне енгізіледі: жаңа цифрлық жүйе не береді?

Redaktor Arysinfo