дереккөз фото inbusiness.kz
Қазақстанда фильмдерді прокатқа шығару тәртібі жаңартылып, киноөнімдер үшін міндетті сараптама енгізілді. Жаңа талапқа сәйкес, отандық және шетелдік фильмдер көрерменге ұсынылмас бұрын арнайы комиссияның тексеруінен өтеді.
Сараптама барысында фильм мазмұнының заңнама талаптарына сәйкестігі бағаланады. Атап айтқанда, зорлық-зомбылықты насихаттау, әлеуметтік, ұлттық, діни араздықты қоздыру, порнография, педофилия және басқа да тыйым салынған контент белгілерінің бар-жоғы тексеріледі.
Жаңа ережеге сәйкес, фильмдер жас ерекшелігіне қарай бірнеше санатқа бөлінеді. Сараптама қорытындысы бойынша туындыға тиісті жас шектеуі белгіленіп, прокатқа жіберу туралы шешім қабылданады. Сонымен қатар прокат куәлігін беру рәсімі де қатаңдатылып, өтінімдерді қарау мерзімі ұзартылған.
Мәдениет саласы мамандарының пікірінше, бұл өзгерістер кино нарығындағы бақылауды күшейтіп, көрермендерді заңға қайшы немесе қоғамға кері әсер етуі мүмкін контенттен қорғауға бағытталған.
