дереккөз фото: aikyn.kz
Қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы 25 триллион теңгеден асты. Сарапшылардың мәліметінше, оның басым бөлігін тұтынушылық несиелер құрайды. Бұл халықтың табысы мен шығыны арасындағы алшақтықтың ұлғайып бара жатқанын көрсетеді.
Бүгінде көптеген азамат несие алып бизнес ашу немесе баспана алу үшін емес, күнделікті тұрмысын қамтамасыз ету үшін қарыздануға мәжбүр. Азық-түлік, киім-кешек, оқу ақысы, тіпті коммуналдық төлемдер де кей отбасылар үшін несие арқылы жабылатын шығынға айналды.
Несие – қаржылық құрал. Бірақ ол күнкөрістің көзіне айналған кезде қауіп басталады. 25 триллион теңге – жай ғана статистика емес, миллиондаған адамның мойнындағы ауыр жүк. Сондықтан бүгінгі басты сұрақ: халық неге несиеге емес, жалақысына өмір сүре алмай отыр?
