ТҮРКІСТАНДА СПОРТТЫҢ ҮЛКЕН ТОЙЫ БАСТАЛДЫ: 2300 СПОРТШЫ ТАРИХИ ДОДАДА БАҚ СЫНАЙДЫ

дереккөз фото: Түркестан әкімідігі

Түркістан тағы да ел назарын өзіне аударды. Түркі дүниесінің рухани астанасында Қазақстан Республикасының VIII Халық ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған спортшы бір алаңға жиналды.

«Керуен-сарай» туристік кешенінде ұйымдастырылған ауқымды шара ұлттық дәстүр мен заманауи технологияны үйлестірген ерекше форматымен көпшілікті тәнті етті. Су үстіндегі шеру, театрландырылған көріністер мен әсерлі концерттік бағдарлама мерекенің сәнін келтірді.

Биылғы Халық ойындарына Қазақстанның 20 өңірінен 2300-ден астам спортшы мен жаттықтырушы қатысуда. Олар баскетбол 3х3, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, үстел теннисі, футзал, асық ату, қол күресі және гір спортынан өзара мықтыны анықтайды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде спорт саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде облыста халықтың 43 пайыздан астамы спортпен тұрақты айналысады. Сонымен қатар биылғы бес айдың өзінде түркістандық спортшылар халықаралық және республикалық жарыстарда 657 медаль жеңіп алған.

Халық ойындары – тек жарыс емес, ел бірлігін нығайтатын, салауатты өмір салтын дәріптейтін маңызды алаң. Сондықтан Түркістандағы бұл дода бұқаралық спортты дамытуға тың серпін беріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын үлкен мерекеге айналмақ.

20 маусымға дейін жалғасатын жарыс қорытындысында үздік спортшылар мен командалар анықталады. Ал әзірге Түркістан ел спортының басты орталығына айналып отыр.

Ұқсас жаңалықтар

ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ АСА БЕЛСЕНДІ

Redaktor Arysinfo

В Туркестанской области изучают публикацию «Лжемулла разрушает веру!»

Redaktor Arysinfo

Түркістан облысында 30 000 жаднама халыққа таратылды

berdaly_oraz