дереккөз фото: Түркестан облысы әкімдігі
Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қатаң бақылауға алынды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен Жетісай ауданына барған облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев құрылыс алаңдарын аралап, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Жұмыс сапары барысында алдымен Жетісай қаласының аумағын кеңейту аясында салынып жатқан арендалық тұрғын үйлердің құрылысы тексерілді. Нысанда мердігерлермен кездескен облыс әкімінің орынбасары құрылыс сапасына ерекше мән беруді, барлық жұмысты өндірістік кестеге сай мерзімінде аяқтауды және еңбек қауіпсіздігі талаптарын мүлтіксіз сақтауды тапсырды.
Сонымен қатар Жетісай қаласындағы «Б.Момышұлы» мектеп-гимназиясы, Асықата кентіндегі «Қайнар» мектеп-гимназиясы мен қосалқы мектеп-интернатының жай-күйі зерделенді. Сондай-ақ жаңа буынды дамыту орталығы мен Абай ауылдық округінде салынып жатқан 200 орындық мектептің құрылыс барысы да бақылауға алынды.
Әлеуметтік нысандарды аралау кезінде құрылыс қарқыны, сапасы және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселелері кеңінен талқыланып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді.
Жұмыс сапары аудан әкімдігіндегі қорытынды жиынмен аяқталды. Басқосу барысында анықталған кемшіліктер сараланып, оларды қысқа мерзімде жою жолдары белгіленді. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру, құрылыс саласын дамыту және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар пысықталып, жауапты басқармалар мен аудан басшыларына орындалу мерзімі нақты көрсетілген тапсырмалар жүктелді.
