Тоқаевтың жаңа талабы: Парламент цифрлық дәуірге толық көшуі тиіс

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі заң шығару жүйесін жаңғыртуға қатысты маңызды бастамаларды жариялады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Arysinfo хабарлайды.

Президент былтыр қазан айында Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында толыққанды e-Parliament жүйесін енгізу мәселесін көтергенін еске салды. Оның айтуынша, Қазақстан электрондық үкіметтің (e-Government) даму деңгейі бойынша әлемдегі үздік 25 елдің қатарына енгендіктен, ендігі міндет – Парламенттің де цифрлық трансформациясын жеделдету.

Мемлекет басшысы жаңа сайланған депутаттар заң шығару кезінде заманауи технологиялардың мүмкіндігін кеңінен пайдалануы қажет екенін айтты. Атап айтқанда, болжамды сараптама жүргізу, Үлкен деректерді (Big Data) қолдану арқылы қабылданатын шешімдердің экономикалық және әлеуметтік салдарын алдын ала модельдеу маңызды екенін жеткізді.

Сондай-ақ Президент маңызды заң жобаларын сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқылап, цифрлық платформаларды пайдалану арқылы қоғамдық пікірді барынша қамту қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, бұл заң шығару үдерісінің ашықтығын арттырып, халықтың ұсыныстарының ескерілуіне жол ашады.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Ұлттық құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде жұмыс істеуі тиіс екенін айтты. Президенттің айтуынша, қоғам көтерген өзекті мәселелер дер кезінде қаралып, нақты нормативтік-құқықтық шешімдер қабылдау арқылы мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілуі қажет.

Ұқсас жаңалықтар

АРЫСТА КӘСІПКЕРЛІК НЫСАН ИЕЛЕРІМЕН ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРУДЕ

berdaly_oraz

Түркістан: Бәйдібек ауданында жаңғыртудан өтіп жатқан мектептердің құрылыс барысы тексерілді

Саябаққа айналған аула: арыстықтар жасыл желекті көбейтуді үрдіске айналдырды

berdaly_oraz