Алматы қаласында бұрын атауы болмаған 150-ден астам көшеге жаңа атау берілді. Тиісті қаулыға қала әкімдігі қол қойып, құжат ресми жарияланған күннен бастап заңды күшіне енеді.
Жаңа атаулар Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарындағы көшелерге берілген. Солардың ішінде қазақстандық әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің есімі де мәңгілікке ұлықталды. Денис Тен атындағы көше Бостандық ауданындағы «Архат» шағын ауданында орналасқан.
Сондай-ақ жаңа атау берілген көшелер қатарында Амантай Байтанаев, Хо Ши Мин, Наталья Сац, Қайым Мұхамеджанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұзафар Әлімбаев, Смайыл Өтегенов, Мауытхан Сыдықов, Бекеш Мадалиев және Анатолий Храпатый секілді танымал тұлғалардың есімдері бар.
Бұдан бөлек, Алматы картасында Шаңқобыз, Ақсарай, Жаңаөзен, Ақтау, Үшарал, Бозжыра және Ерейментау сияқты географиялық атаулармен аталатын жаңа көшелер де пайда болды.
Қала әкімдігінің бұл шешімі тарихи тұлғалардың есімін ұлықтап, елді мекендердің атауларын жүйелеуге бағытталған жұмыстардың жалғасы саналады.
