Түркістан жасыл аймаққа айналуда: өңірде 2 миллионнан астам ағаш отырғызылып, жаңа саябақтар мен экожобалар іске асуда

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар ауқымды қарқын алды. Өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, көгалдандыру көлемін ұлғайту және тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын жасау бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Президенттің республика көлемінде 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл Түркістан облысында 1 миллионнан астам ағаш егу жоспарланған. Көктемгі маусымда 332 мыңнан астам көшет отырғызылып үлгерсе, инвесторлардың қолдауымен қосымша 1 миллионнан астам ағаш егіледі. Осылайша өңірде жалпы 2 миллионнан астам ағаш отырғызылып, белгіленген жоспар артығымен орындалмақ.

Жыл басынан бері облыста 3 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Оған 355 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1 222 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 379 тонна қоқыс шығарылып, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту жұмыстары күшейтілді. Сонымен қатар соңғы екі жылда коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 474 арнайы техника сатып алынды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен жылы облыста 11 саябақ, 8 сквер және 4 аллея пайдалануға берілсе, биыл тағы 7 саябақ пен 8 аллея ашылады. Қазірдің өзінде «Этно-туристік кешені» мен «Билер» аллеясы тұрғындар игілігіне тапсырылды. Жыл соңына дейін «Астана» саябағы мен жаңа Аквапарк кешенінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, 61 балалар ойын алаңы, 35 воркаут алаңы және 49 спорт алаңшасын пайдалануға беру жоспарланған.

Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қалада 24 мың гектар аумақ абаттандырылып, 20 мың ағаш пен 24 мың бұта отырғызылды. Ал «Жасыл аймақ» коммуналдық мекемесінің жылыжайларында 2,5 миллион біржылдық гүл өсіріліп, бұл тәжірибе бюджет қаражатын екі есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.

Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында өңірге 33 электробус сатып алынып, электр көліктеріне арналған қуаттау станциялары орнатылуда. Сонымен бірге метан газ құю станциясы іске қосылды.

Тұрғындармен тиімді кері байланыс орнатуда TAZAQAZBOT Telegram чат-боты белсенді қолданылып келеді. Жыл басынан бері түскен 900-ге жуық өтінім жедел қаралып, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар білім беру ұйымдарында да жалғасуда. Жыл басынан бері 18 мыңнан астам экологиялық тәрбие сағаты, жүздеген байқау, мыңдаған дөңгелек үстел мен ондаған экологиялық акция өткізілді. Сондай-ақ «Жасыл мектеп» жобасы аясында үздік білім беру ұйымдары арнайы номинациялар бойынша марапатталды.

Осылайша Түркістан облысында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және жасыл аймақтарды көбейтуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде жалғасуда.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысының әкімі Келес ауданының тыныс-тіршілігімен танысты

Түркістанда сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған семинар өтті

Redaktor Arysinfo

ТҮРКІСТАНДА МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ РУХАНИЯТ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ҚАЙТА ҚАРАЛДЫ

berdaly_oraz