Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында орналасқан көне қалашықтың қорған қабырғасы ғылыми-реставрациялық жұмыстар арқылы қайта жаңғыртылып жатыр. Мамандардың айтуынша, тарихи нысанның жыл сайын 10–15 сантиметрге ығысатыны анықталып, оның одан әрі бүлінуіне жол бермеу үшін шұғыл қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған.
«Қазқайтажаңарту» РМК мамандары жүргізіп жатқан ғылыми-реставрациялық жұмыс мониторинг нәтижесінде қабылданған шешім негізінде жүзеге асырылуда. Жоба аясында шығыс қақпадан бастап 32 метр аумақ қайта қалпына келтіріледі. Ал апатты жағдайда тұрған қорған қабырғасының жалпы ұзындығы 40 метрді құрайды.
Қорған қабырғасы алғаш рет 2000 жылдары археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қайта қаланған болатын. Бұл жолы мамандар іргетасын нығайтып, апатты бөліктен алынған жарамды тарихи материалдарды сақтап, солардың көмегімен қабырғаның бүлінген бөлігін қайта тұрғызуда.
Жүргізіліп жатқан ғылыми-реставрациялық жұмыстар тарихи ескерткіштің одан әрі бұзылуына жол бермей, көне цитадельдің солтүстік-шығыс бөлігінің тарихи келбетін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мамандар жобаны 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.
