Мемлекет басшысы «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, жарысқа жиналған қонақтар мен спортшыларға ізгі тілегін білдірді.
Президент өз сөзінде ең алдымен қатысушыларды елорда – Астана қаласында қарсы алуға қуанышты екенін айтып, халықаралық турнирдің Қазақстанда алғаш рет өтіп жатқанына тоқталды.
– Ең алдымен, бәріңізге елордамыз – Астанаға шын жүрегіммен қош келдіңіздер деймін! Бүгін біз «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысын бастаймыз. Бұл – елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын мағынасы айрықша тарихи іс-шара. Дүбірлі дода биыл Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Біз үшін бұл – зор мәртебе, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, мұндай ауқымды халықаралық жарыстар елдердің өзара ынтымақтастығын арттырып, спорт пен инновацияны ұштастыратын жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен қатар бұл дода Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы беделін нығайтып, елдің халықаралық деңгейдегі іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыра алатынын тағы бір мәрте дәлелдейді.
