САЙРАМДА 5,2 МЛРД ТЕҢГЕЛІК МАЛ БИРЖАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сайрам ауданына жұмыс сапары барысында Ақсу ауылдық округіне қарасты Ақсу ауылында австралиялық технология негізінде салынатын мал биржасының капсуласын қалау рәсіміне қатысты.

Өңір басшысы «RED GOLD» компаниясының жобасы ауыл шаруашылығын дамытуға, инвестициялық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін маңызды бастама екенін атап өтті.

– Бүгін Сайрамның тарихи жерінде тағы бір маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Ақсу ауылында «RED GOLD» компаниясының мал биржасы жобасының капсуласын қалау рәсімі өтуде. Мемлекет басшысы инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру өңірлердің экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды бағыты екенін атап өткен болатын. Бүгінгі жоба осы тапсырмалардың іс жүзіндегі жүзеге асуының айқын көрінісі, – деді Нұралхан Көшеров.

«RED GOLD» компаниясы жүзеге асырып жатқан жоба елімізде баламасы жоқ ірі бастамалардың бірі болмақ. Мал биржасы ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдегі мал саудасын халықаралық талаптарға сәйкестендіруге және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.

Жобаның жалпы құны – 5,2 млрд теңге. Оның ішінде 4,7 млрд теңге жеңілдетілген несие есебінен, ал 500 млн теңге инвестордың өз қаражаты есебінен қаржыландырылады. Нысан орналасатын жер учаскесінің аумағы – 24 гектар.

Жобаны жүзеге асыру барысында құрылыс материалдарының 30 пайызы Австралиядан, 70 пайызы Түркиядан жеткізілмек. Қазіргі таңда австралиялық компаниялардан коммерциялық ұсыныстар алынған. Ал металл конструкциялардан жасалатын қаңқаларды түркиялық «Agro Fine» компаниясы дайындайды.

Мал биржасының құрылыс-монтаж жұмыстары биыл мамыр айында басталған. Қазіргі уақытта құрылыс алаңын дайындау және нысанның іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде. Жобаны 2026-2027 жылдары толық аяқтау жоспарланған.

Нысан пайдалануға берілгеннен кейін бір мезетте 5 мың бас ірі қара, 4 мың жылқы және 10 мың бас ұсақ малды қабылдай алады.

Сонымен қатар жоба аясында 20-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Қызметкерлердің орташа жалақысы шамамен 300 мың теңгені құрайды деп жоспарланып отыр.

Жаңа мал биржасы өңірдегі мал саудасын жүйелеуге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейтуге және экспорттық әлеуетті арттыруға айтарлықтай ықпал етпек.

Жобаның іске қосылуы Сайрам ауданындағы агроөнеркәсіптік сектордың дамуына серпін беріп, жергілікті шаруалар үшін мал өткізуге қолайлы әрі заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында полиция мен азаматтар есірткіге қарсы күресте бірікті

Нұралхан Көшеров: Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық серіктестігі жаңа деңгейге көтерілді

Redaktor Arysinfo

Облыста тағылымы мол кештер жиі ұйымдастырылып тұрады