АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ — БАСТЫ НАЗАРДА: САРЫАҒАШТА ІРІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Түркістан облысында шалғай елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беріліп, бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында.

Сарыағаш ауданында тұрғындарды тұрақты әрі сапалы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Жұмыстардың барысын бақылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов ауданға арнайы жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысанды аралады.

Алдымен Ақжар ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысы тексерілді. Құны 1,84 млрд теңгеден асатын жобаның құрылысы 2025 жылдың тамызында басталған. Нысан толық іске қосылған кезде 1040 жеке тұрғын үй орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады. Қазір су қоймасын қоршау, су желілерін тарту және су құдықшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ Сарыағаш қаласындағы «Самал-3» шағынауданын ауыз сумен қамту жобасының орындалу барысы қаралды. Құны 4,55 млрд теңгені құрайтын нысанды биыл желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда су құбырларын тарту жұмыстарының 60 пайызы орындалған. Жоба толық жүзеге асқанда 3021 тұрғын үй орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады.

Жұмыс сапары Құркелес ауылдық округіндегі Ақүй елді мекенінде де жалғасты. Мұндағы ауыз су нысаны 2025 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген. Елді мекенге су жеткізу үшін қажетті құбырлар тартылып, су қоймалары, сорғы станциясы және ұңғымалар салынған. Қазіргі таңда Алғабас елді мекенінен Ақүйге дейін қосымша ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүргізілген.

Ал Жылға елді мекенінде бұған дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 104,8 шақырым су құбыры тартылып, 5990 тұрғын ауыз сумен қамтылған. Алайда жер асты сулары деңгейінің төмендеуі мен жаз мезгіліндегі су тұтынудың артуына байланысты елді мекенге су уақытша кестемен беріліп отыр.

Осы мәселені түбегейлі шешу үшін аудан әкімдігі арнайы Жол картасын бекіткен. Соған сәйкес Жылға елді мекенінің су жүйесін «Р-1» магистралды су құбырына қосу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Құжат сараптамадан өткеннен кейін құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға бюджетке ұсыныс енгізілмек.

Жұмыс сапары Шеңгелді елді мекенінде қорытындыланды. Мұнда жоба аясында 63,4 шақырым су құбырын тарту және 162 су құдықшасын орнату көзделген. Бүгінде су құбырлары толық тартылып, 150 су құдықшасы орнатылған. Сонымен қатар 60 метрлік су ұңғымасы қазылған.

Жалпы, Сарыағаш ауданындағы бұл жобалар мыңдаған тұрғынды таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы — құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуы.

Нысандарды аралаған Зұлпыхар Жолдасов мердігерлер мен жауапты сала мамандарына жұмыстарды өндірістік-күнтізбелік жоспарға сай жеделдетуді, жобалық және техникалық талаптарды қатаң сақтауды тапсырды.

Таза ауыз су — халықтың өмір сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан Сарыағаштағы су инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары елді мекендердің тұрақты дамуы үшін стратегиялық маңызға ие.

Ұқсас жаңалықтар

Мақтааралда Балаларды қорғау күні кең ауқымда аталып өтті

berdaly_oraz

ТУРКЕСТАН: В КЕНТАУ ПРОШЛО МЕРОПРИЯТИЕ ПО УБОРКЕ, ПОСВЯЩЕННОЕ МЕЖДУНАРОДНОМУ ДНЮ «МИР БЕЗ ОТХОДОВ»

Redaktor Arysinfo

Шымкентте тегін балмұздақ таратқан кәсіпкер 5 тәулікке қамалды

berdaly_oraz