Түркістан қаласы жаңа даму кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заң шаһардың тарихи-мәдени құндылықтарын сақтау, инфрақұрылымды дамыту және туризмді өркендету бағытында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.Бұл туралы Arysinfo.kz хабарлайды.
Осыған байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов сала мамандарымен кездесіп, заң аясында атқарылатын жұмыстарды талқылады. Басқосуда тарихи нысандарды қорғау, археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жандандыру, туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері қозғалды.
Тарихи мұраларды сақтау – басты міндет
Кездесу барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен өзге де ескерткіштерді қорғау мәселесі ерекше назарға алынды. Сонымен қатар, қаладағы заңсыз сауданы реттеу, тарихи орындарға келушілер үшін QR-коды бар арнайы карталар әзірлеу жоспарланды.
Мамандар қаладағы тарихи-мәдени нысандарды аралап, олардың қазіргі жағдайымен танысты. Қожа Ахмет Ясауи мұражайына құнды экспонаттар қосу және музейлердің жұмысын жандандыру мәселесі талқыланды.
Туризмді дамытуға басымдық беріледі
Түркістанды Орта Азиядағы ірі туристік орталыққа айналдыру мақсатында бірқатар жаңашылдықтар енгізілмек. «Визит орталығының» қызметі күшейтіліп, туристік гидтердің біліктілігін арттыру үшін халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламалары іске асырылмақ. Сондай-ақ, қаланың жеке дизайн кодын әзірлеу арқылы оның өзіндік ерекшелігін сақтау көзделуде.
Ендігі басты міндет – Түркістанды мәдени-тарихи және заманауи талаптарға сай дамыту. Қабылданған заңның аясында атқарылатын жұмыстар қаланың болашағын айқындап, оның әлемдік деңгейдегі туристік орталыққа айналуына ықпал етпек.