Түркістан облысында биыл күзгі маусымда 700 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылмақ. Өңірде орман қорын ұлғайту жұмыстары жалғасып, тұқымбақтарда миллиондаған көшет өсірілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орман қорында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш егу жөніндегі тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында да ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бойынша өңірдің орман қоры аумағында 110 мың гектар жерге 170 млн түп көшет отырғызу жоспарланған. Нәтижесінде 96 мың гектар аумаққа 146 млн түп көшет егілді. Яғни белгіленген жоспар артығымен орындалған.
Енді өңірде жаңа міндет тұр. Биыл күзгі маусымда 700 мыңнан астам ағаш көшетін отырғызу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 20 мыңнан астам гүлді өсімдік өсірілмек.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Жиында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов саланың биылғы жеті айдағы жұмыс қорытындысын баяндады. Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелерінде анықталған кемшіліктерді жою бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды.
Мәселе тек көшет санымен шектелген жоқ. Жиында орман қорын қорғау, көгалдандыру, материалдық-техникалық базаны күшейту және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді.
Өйткені миллиондаған көшет отырғызу – жұмыстың бір бөлігі ғана. Ең маңыздысы – егілген ағаштың жерсінуі, сақталуы және жылдар өте келе толыққанды жасыл алқапқа айналуы.
Түркістан облысының орман қорының жалпы аумағы 3 млн 474 мың гектарды құрайды. Қазіргі таңда өңірде жалпы көлемі 355 гектар болатын 24 орман тұқымбағы жұмыс істейді.
Тұқымбақтарда ағаш-бұталардың 21 түрінен 12,3 млн түп көшет өсірілуде. Олардың қатарында қарағаш, үйеңкі, терек, шаған, айлант, туя, арша, алма, өрік, тұт, жиде, тал және басқа да өсімдік түрлері бар. Сондай-ақ раушан гүлдері секілді сәндік өсімдіктер де өсірілуде.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков сала басшылары мен мекеме директорларына орман қорын сақтау және оны ұлғайту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
