Түркістан облысында білім сапасына қатысты дабыл қағылды. Өңірдегі мектептердің нәтижесі, мұғалімдердің кәсіби даярлығы және ауыл мен қала арасындағы алшақтық арнайы мәжілісте жан-жақты сараланып, білім сапасын арттыруға бағытталған нақты міндеттер белгіленді.
Түркістан облысында білім саласына қойылатын талап күшеймек. Бұған өңірдегі бірқатар көрсеткіштер себеп болып отыр. Облыс көлемінде 1 106 білім беру ұйымында 550 мыңнан астам оқушы білім алса, 2026 жылғы ҰБТ-ның орташа көрсеткіші небәрі 64,83 балды құраған.
Ал педагогтердің кәсіби даярлығына жүргізілген талдау бұдан да өткір мәселені көрсетіп отыр. 2025 жылы педагогтердің білімін бағалауға 25 761 өтініш түскен. Тестілеуге қатысқан 23 555 мұғалімнің тек 8 604-і, яғни 36,5 пайызы ғана белгіленген шектік деңгейден өткен.
Бұл көрсеткіштер білім сапасын арттыру ісінде бұрынғы тәсілдермен шектелуге болмайтынын көрсетеді.
Осы мәселелер Түркістанда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте талқыланды. Жиынға аудан, қала әкімдері, білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, жоғары оқу орындарының өкілдері, сала сарапшылары мен ардагер ұстаздар қатысты.
Өңір басшысы білім саласына жауапты басшылар мен мектеп директорларына нақты міндеттер жүктеді. Ең алдымен, 2026-2029 жылдарға арналған білім сапасын арттырудың кешенді жоспары әзірленіп, облыс әкімдігі жанынан Білім сапасы жөніндегі өңірлік кеңес құрылады.
Бұдан былай әр мектептің білім нәтижесі жеке бақылауда болмақ. Осы мақсатта «Білім сапасы – Түркістан» бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесін енгізу көзделіп отыр. Жүйе мектептердің білім нәтижесін тұрақты саралап, қай білім ошағында қандай мәселе барын нақты анықтауға мүмкіндік бермек.
Әсіресе ҰБТ нәтижесі төмен мектептерге ерекше назар аударылмақ. Мұндай мектептермен жұмысты күшейтіп қана қоймай, нақты нәтижеге бағытталған жаңа тәсілдер енгізу тапсырылды.
Халықаралық зерттеулер де өңірдегі білім сапасының мәселесін көрсетіп отыр. PISA-2022 нәтижесінде Түркістан облысының оқушылары математикадан 389, оқу сауаттылығынан 347, жаратылыстану бағытында 389 балл жинаған.
