БҮГІН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ КӨШПЕНДІЛЕР ДОДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Ұлттық спорттың тамыры терең Түркістан тағы бір дүбірлі додадан олжалы оралды. VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өңір спортшылары ел қоржынына 17 медаль салып, соның 9-ын алтыннан қоржынға түсірді. Бұл – өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі ғана емес, Қазақстанның жалпы алтын жүлдесінің 28 пайыздан астамы Түркістан спортшыларының еншісінде деген сөз.

100-ден астам мемлекеттен 3 мыңға жуық спортшы қатысқан халықаралық бәсекеде Түркістан облысының намысын 21 спортшы қорғады. Олар қол күресі, аударыспақ, теңге ілу, тоғызқұмалақ, алыш, ордо, көкпар, көк бөрі және басқа да ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті.

Өңір спортшыларының нәтижесі де көңіл қуантады: 9 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль.

Түркістан спортшыларының бұл жетістігі – бір жарыстың нәтижесі ғана емес. Ұлттық спорттың өңірде жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров спортшыларды қабылдап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады. Ол Түркістаннан барған 21 спортшының 17 медаль иеленуі өңірдегі ұлттық спорттың әлеуетін айқындайтынын атап өтті.

Халықаралық додада жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға Қазақстан Республикасы Президентінің және Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар берілді: бірінші орын иегерлеріне – 500 мың, екінші орын алғандарға – 300 мың, үшінші орын иегерлеріне – 200 мың теңгеден.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға жайғасты. Ұлттық құрама 32 алтын, 20 күміс және 22 қола – барлығы 74 медаль жеңіп алды.

 Ендігі міндет – халықаралық додалардағы жеңісті нәтижені тұрақты жүйеге айналдырып, бүгінгі чемпиондардың ізін басатын жаңа буын спортшыларын қалыптастыру.

 

Ұқсас жаңалықтар

Шардара ауданында шіркейге қарсы залалсыздандыру шаралары күшейтілді

Түркістан: Түлкібаста балықтың бағалы түрлерін өсіру қарқынды дамып келеді

Түркістанда мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шара өтті