АРЫСТА 3 МЫҢ АДАМ ТАЗАЛЫҚҚА ШЫҚТЫ: 50 ТОННА ҚАЛДЫҚ ЖИНАЛДЫ

Тазалыққа бейжай қарамау – мәдениетті қоғамның басты белгілерінің бірі. 19 қыркүйек – Дүниежүзілік тазалық күні аясында Арыста жалпықалалық сенбілік өтіп, оған 3 мыңға жуық адам қатысты.

Мемлекеттік қызметшілерден бастап мекеме-кәсіпорын ұжымдары, білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласының мамандары мен жастар қала аумағы мен ауылдық округтердегі тазалық жұмыстарына атсалысты. Бірқатар тұрғындар да өз аулалары мен көшелерін тазалауға белсенді үлес қосты.

Сенбілік барысында 30 гектардан астам аумақ тазартылып, 50 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды. Жұмыстарға 20-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Сонымен қатар 2 шақырымнан астам арық-атыз тазаланып, аялдамалар, қоршаулар, ескерткіштер мен аллеялар ретке келтірілді. Көшелердегі арамшөптер шабылып, ағаштар әктеліп, жасыл желектер суарылды.

Қала әкімі Қайсар Маңқараев та тазалық жұмыстарына қатысып, қалаға кіреберістегі көпір маңына ардагерлермен бірге ағаш көшеттерін отырғызды. Тамыры мен топырағы сақталған көшеттерді отырғызу арқылы шаһардың кіреберіс бөлігін көркейтіп, жасыл желек көлемін арттыру көзделген.

Қала басшысы сенбілік өтіп жатқан аумақтарды аралап, тазалық жұмыстарын бақылады. Жауапты сала басшыларына қоғамдық орындардың тазалығын тұрақты бақылауда ұстауды, тұрғындардың тазалық мәдениетін арттыруды және абаттандыру жұмыстарын жүйелі жалғастыруды тапсырды.

Алайда бір күндік сенбілікпен қаланың тазалығын қамтамасыз ету мүмкін емес. Таза қала – тек әкімдіктің немесе тазалық қызметкерлерінің емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігі. Өз ауласын таза ұстау, қоқысты белгіленген орынға тастау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау – әр азаматтың күнделікті мәдениеті болуы тиіс.

Бүгінгі сенбілік Арыстың тазалығына тағы бір серпін берді. Ендігі міндет – осы тазалықты бір күн емес, күн сайын сақтау.

Тазалық – талап емес, тәртіп. Таза Арыс – өзімізден басталады!

Ұқсас жаңалықтар

Арыс қаласының әкімі тұрғындарды жеке қабылдады

berdaly_oraz

Асанада лифтіде жарақат алған 5 жасар бала ауруханадан шығарылатын болды

berdaly_oraz

Өңір жаңалықтары: Сауран тұрғындарымен кездесуде ауданды дамыту бағыты талқыланды