Арыс қалалық мәслихатының №2 сайлау округі бойынша депутаттығына «Әділет» партиясынан ұсынылған үміткер Шүкірбеков Алмас Момынұлы өзінің сайлауалды тұғырнамасы мен бағдарламасын таныстырды. Құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген кандидат қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруді, жаңа инвестициялық жобаларды қолдауды, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды және халықтың тұрмыс сапасын арттыруды басты мақсат етіп отыр.
Кәсіпкерлік жолы және туған қалаға қосқан үлесі
Алмас Момынұлы Шүкірбеков 1989 жылы 23 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында дүниеге келген.
1995 жылы Арыс қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта мектептің табалдырығын аттап, 2003 жылы 9-сыныпты аяқтаған. 2004–2007 жылдары Шымкент қаласындағы генерал-майор Сабыр Рахымов атындағы республикалық әскери мектеп-интернатында білім алған. 2007–2008 жылдары Алматы облысының Ұзынағаш станциясында орналасқан №28237 әскери бөлімінде әскери борышын өтеген.
Еңбек жолын 2009 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «Аухатты» кеден бекетінде бақылаушы болып бастаған. Кейін 2010–2012 жылдары Қарағанды қаласындағы «Көркем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде құрылысшы болып еңбек еткен.
2012 жылы «Лидер-НС Строй» ЖШС-ін құрып, құрылыс саласында жеке кәсіпкерлік қызметін бастаған. Кандидаттың ұсынған мәліметіне сәйкес, компания бүгінде бірқатар құрылыс және құрылыс-монтаж жобаларын жүзеге асырып келеді.
Атап айтқанда, Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы №9 көше бойында орналасқан 9–12 қабатты 32 тұрғын үйдің инженерлік инфрақұрылымын салу жұмыстарына, сондай-ақ Арыс қаласының көшелерін жарықтандыру жобаларына қатысқан.
Бұдан бөлек, Арыс қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп, пайдалануға бергенін атап өтеді.
Үміткердің мәліметінше, оның кәсіпкерлік қызметі нәтижесінде 2024–2025 жылдары қала бюджетіне шамамен 500 миллион теңге көлемінде салық түсімі қамтамасыз етілген.
Ауыл шаруашылығы мен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту
Алмас Шүкірбеков құрылыс саласымен қатар ауыл шаруашылығы бағытында да кәсіпкерлік қызмет атқарып келеді.
2020 жылы «MUBARAK AGRO» шаруашылығын құрып, асыл тұқымды қой және жылқы шаруашылығын дамытуға ден қойған.
Шаруашылықтың негізгі бағыттарының бірі – қазақы қойдың «Байсары» бағытындағы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту.
Кандидат ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыру, жергілікті өндірісті дамыту және ауыл кәсіпкерлігін қолдау Арыс қаласының экономикалық дамуына қосымша мүмкіндік береді деп есептейді.
11 мың түп ағаш – туған қаланы көгалдандыруға қосқан үлес
Үміткер туған қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мен көгалдандыру мәселелеріне де ерекше назар аударып келеді.
Өзінің ұсынған мәліметіне сәйкес, жеке қаражаты есебінен Арыс қаласына 11 мың түп ағаш отырғызған.
Сонымен қатар бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шараларға демеушілік жасап, жастардың спортпен шұғылдануына және жан-жақты дамуына қолдау көрсетіп жүргенін айтады.
Кандидаттың пікірінше, қаланы дамыту тек жаңа ғимараттар салумен шектелмеуі тиіс. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, көшелерді көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және экологиялық мәдениетті арттыру да маңызды.
Жастар саясаты мен бұқаралық спорт – басым бағыт
Алмас Шүкірбековтің сайлауалды бағдарламасында жастар саясаты мен бұқаралық спортты дамытуға айрықша мән берілген.
Үміткер жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және спортпен тұрақты шұғылдануына жағдай жасауға бағытталған бастамаларды қолдауды жоспарлап отыр.
Атап айтқанда, аула клубтарының жұмысын жандандыру, білім беру мекемелеріндегі үйірмелер санын арттыру және спорт алаңдарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту мәселелерін көтеруді көздейді.
Кандидат жас ұрпаққа жасалған инвестиция қаланың болашақ дамуының маңызды кепілі деп санайды.
Тұрғын үй қорын жаңғырту және аулаларды абаттандыру
Үміткердің сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін шешуге ықпал ету.
Кандидат №2 сайлау округінің тұрғындарымен бірлесіп, қордаланған инфрақұрылымдық мәселелерді анықтауды және оларды кезең-кезеңімен шешу жолдарын тиісті мемлекеттік органдармен талқылауды жоспарлап отыр.
Әсіресе газдандыру мәселесі өзекті болып отырған аумақтарға назар аударып, газ желілерін жүргізу қажеттілігін көтеруді көздейді.
Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.
