САРЫПБЕКОВА МӨЛДІР: «ХАЛЫҚ СЕНІМІ – БАСТЫ МІНДЕТ, ЕЛ ИГІЛІГІ – ОРТАҚ МАҚСАТ!»

Арыс қалалық мәслихатының №4 сайлау округі бойынша депутаттығына үміткер Сарыпбекова Мөлдір Сейсенбекқызы өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жастар саясаты, мемлекеттік басқару және әлеуметтік қорғау салаларында тәжірибе жинақтаған кандидат халықтың тұрмыс сапасын арттыруды, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге ықпал етуді, әйелдер мен жастарды қолдауды және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуды басты мақсат етіп отыр.

Сарыпбекова Мөлдір Сейсенбекқызы 1987 жылы 7 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. 2004 жылы Арыс қаласындағы №32 Әліби Жангелдин атындағы жалпы білім беретін мектепті тәмамдап, сол жылы Алматы экономика және статистика академиясына оқуға түскен. Аталған оқу орнын 2008 жылы «Есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірген.

Кейін 2018–2020 жылдары Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 2006 жылы Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық әкімдігінде хатшы қызметінен бастаған.

2007–2010 жылдары «Қазақкөліксервис» акционерлік қоғамының «Оңтүстік» филиалында бірінші санатты есепші болып еңбек еткен. 2012 жылы Арыс қалалық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде әдіскер қызметін атқарған. Ал 2015 жылы Арыс қалалық «Jas Otan» жастар қанатының төрайымы болған.

2021–2025 жылдары Арыс қаласының ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» және «Руханият орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемелерінде басшылық қызметтер атқарған.

2025 жылдың маусым айынан бастап Арыс қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Асыл жүрек» әлеуметтік орталығының директоры қызметін атқарып келеді.

Жастармен жұмыс, қоғамдық бастамаларды ұйымдастыру және әлеуметтік қолдау салаларында жинақтаған тәжірибесін үміткер туған қаласының дамуына бағыттауды көздейді.

Мөлдір Сарыпбекованың сайлауалды бағдарламасы «Халық сенімі – басты міндет, ел игілігі – ортақ мақсат!» ұранымен ұсынылған. Кандидаттың негізгі ұстанымы – тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап қана қоймай, олардың нақты шешілуіне ықпал ету.

Үміткердің пікірінше, депутаттық қызмет халықпен тығыз байланыс орнатуға, әлеуметтік мәселелерді жүйелі көтеруге және тұрғындардың заңды мүдделерін қорғауға негізделуі тиіс.

Осы бағытта азаматтармен тұрақты кездесулер өткізу, көтерілген мәселелерді тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу, олардың орындалуын бақылау және атқарылған жұмыстар туралы ашық есеп беру көзделген.

Кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі – тұрғындарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау.

Мөлдір Сарыпбекова жастар мен жұмыссыз азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына ықпал етуді, шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау мәселелерін көтеруді жоспарлап отыр.

Үміткер әйелдердің экономикалық дербестігін арттыру, өз кәсібін ашуға ниетті азаматтарға мемлекеттік қолдау тетіктерінің қолжетімділігін кеңейту және кәсіптік білім беру мүмкіндіктерін дамыту бағытындағы бастамаларды қолдауды көздейді.

Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру, қайта даярлау курстарын ұйымдастыру және жас мамандарды жұмыспен қамту мәселелерін көтеру жоспарланған.

Жастар саясаты саласында еңбек еткен кандидат жас буынның білім алуына, кәсіби қалыптасуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына ерекше мән береді. Үміткердің бағдарламасында жастардың сапалы білім алуына, спортпен, өнермен және шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау мәселелері қамтылған.

Сонымен қатар дарынды жастардың бастамаларын қолдау, олардың қабілеттерін дамытуға арналған жобаларды жүзеге асыруға ықпал ету және жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуіне жәрдемдесу көзделген.

Кандидат жастарға жасалған қолдау қаланың ұзақ мерзімді дамуына негіз болады деп есептейді. Мөлдір Сарыпбекованың сайлауалды бағдарламасында әйелдер мен отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық берілген.

Атап айтқанда, көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың мәселелерін тұрақты назарда ұстау, әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыру және олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қамтылған.

Сонымен қатар отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық қиындықтардың алдын алу және әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың заңды құқықтарын қорғауға жәрдемдесу бағытындағы бастамаларды қолдау жоспарланған.

Әлеуметтік салада басшылық қызмет атқарып жүрген кандидат тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуде мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру маңызды деп санайды.

Кандидат Арыс қаласының инфрақұрылымын жақсартуды тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі алғышарттарының бірі ретінде қарастырады. Оның сайлауалды бағдарламасында жолдардың сапасын жақсарту, көшелерді жарықтандыру, ауызсу және кәріз жүйелерін жетілдіру, инженерлік желілердің техникалық жағдайын жақсарту мәселелері қамтылған.

Сонымен қатар тұрғын үй аулаларын, қоғамдық орындарды абаттандыру, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару және қаланы көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды қолдау көзделген.

Үміткердің ұстанымынша, қаланың көркеюі мен тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру жүйелі жоспарлауды және қоғамдық бақылауды қажет етеді.

Мөлдір Сарыпбекова әлеуметтік қорғау саласындағы тәжірибесіне сүйене отырып, халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ерекше назар аударуды жоспарлап отыр. Кандидат қарт адамдардың, мүгедектігі бар азаматтардың және әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ықпал етуді көздейді.

Сонымен қатар медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, ауылдық елді мекендер мен шалғай шағынаудандарда әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсарту мәселелерін тиісті мемлекеттік органдар деңгейінде көтеруді жоспарлап отыр.

Үміткердің пікірінше, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі азаматтардың тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына байланысты шектелмеуі тиіс.

Кандидат білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, балалар мен жасөспірімдерге қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру мәселелеріне де басымдық берген.

Сондай-ақ мәдени іс-шараларды, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жобаларды және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауды көздейді.

Мөлдір Сарыпбекованың пікірінше, білімді, мәдениетті әрі белсенді жас ұрпақ тәрбиелеу – қоғамның тұрақты дамуының маңызды кепілі. Кандидат депутаттық қызметте ашықтық пен есептілікті басты қағидаттардың бірі ретінде қарастырады.

Ол №4 сайлау округінің тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізіп, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын жүйелі түрде қарастыруға, өзекті мәселелердің шешілуіне депутаттық өкілеттігі шеңберінде ықпал етуге ниетті.

Сонымен қатар көтерілген мәселелердің орындалу барысын бақылап, атқарылған жұмыстар туралы халық алдында ашық есеп беруді жоспарлап отыр.

Үміткердің негізгі ұстанымы – халықпен бірге болу, әрбір мәселеге жауапкершілікпен қарау, әділдік пен ашықтық қағидаттарын сақтау.

Арыс қалалық мәслихатының №4 сайлау округі бойынша депутаттығына үміткер Сарыпбекова Мөлдір Сейсенбекқы өзінің сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, жастар саясаты, білім беру, денсаулық сақтау және қала инфрақұрылымын жақсарту мәселелеріне басымдық беріп отыр.

Мемлекеттік басқару, жастар саясаты және әлеуметтік салада жинақтаған тәжірибесін қоғамдық қызметпен ұштастыруды көздеген кандидат туған қаласының дамуына нақты үлес қосуға ниетті.

«Халық сенімі – басты міндет, ел игілігі – ортақ мақсат!» – үміткердің сайлауалды бағдарламасының негізгі ұраны.  Бұл ұстаным халықтың талап-тілегін тыңдауға, әлеуметтік мәселелерді жүйелі көтеруге және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстандағы неке мен бала туу көрсеткіші бойынша Шымкент 5 орында

КӨЛІК-ЛОГИСТИКА: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ – ӨҢІРЛІК САУДА МЕН ТРАНЗИТТІҢ МАҢЫЗДЫ ОРТАЛЫҒЫ

Redaktor Arysinfo

Өңірдегі жайлы мектеп директорларымен өзекті мәселе талқыланды