Түркістан облысының спортшылары ХХ жазғы Азия ойындарында ел қоржынына алтын медаль салды.
Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының сапындағы түркістандықтар Владислав Яковлев пен Иван Чернухин академиялық есуден ерлер арасындағы M2− жарысында чемпион атанды.
А финалында қазақстандық экипаж мәреге бірінші болып жетіп, басты қарсыласы Қытай құрамасын 2,09 секундқа басып озды. Осылайша қос спортшы Азия ойындарының биігінен көрініп, Қазақстан әнұранын шырқатты.
Владислав Яковлев пен Иван Чернухин бұған дейін де халықаралық додаларда жоғары нәтиже көрсеткен. 2025 жылы Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болса, биыл Оңтүстік Кореяның Чхунджу қаласында өткен Азия кубогында алтын медаль жеңіп алған.
Ал Азия ойындарындағы бүгінгі жеңіс – түркістандық ескекшілердің халықаралық аренадағы кезекті жарқын жетістігі.
Бұл ретте Түркістан қаласындағы ескек есу каналының су спортын дамытуға қосып отырған үлесі де ерекше. Заманауи спорттық инфрақұрылымнан түлеп ұшқан спортшылардың Азия төрінде топ жаруы – өңірдегі спортқа жасалып жатқан жағдайдың нәтижесі.
Түркістанның қос саңлағы Азияны бағындырды! Ендігі меже – жаңа жеңістер!
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы үшін академиялық есуден жарыстар әлі жалғасуда. Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Ярослав Мельников және Тимур Фомичевпен бірге ерлер арасындағы төрттік сында да А финалында бақ сынайды.
