Түркістан төріндегі тарихи орындардың әрқайсысы – өткеннің өнегесін бүгінге жеткізетін рухани мұра. Солардың бірі – халық жадында ғасырлар бойы сақталған Үкаша ата кесенесі мен қасиетті құдығы.
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен киелі нысанға арналған баспасөз туры өтті. Іс-шараға журналистер, блогерлер, музей және мәдениет саласының мамандары қатысып, Үкаша ата кешенінің тарихы мен рухани маңызымен танысты.
Баспасөз турының басты мақсаты – тарихи нысан туралы ғылыми тұрғыдан негізделген ақпаратты көпшілікке жеткізу және оның ішкі туризмді дамытудағы мүмкіндігін көрсету.
Іс-шара барысында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов Үкаша ата кесенесі мен құдығының тарихи-мәдени мұра ретіндегі орнына тоқталды.
Ал философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай, «Ясауитану» ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы және орталықтың аға ғылыми қызметкері Ұлықбек Жүнісбаев Үкаша ата тұлғасына қатысты тарихи деректер, қазақ руханиятындағы орны және халық арасында сақталған аңыз-әңгімелер жөнінде құнды мәліметтер берді.
Мамандардың қатысуымен өткен пікір алаңында журналистер өз сауалдарын қойып, киелі нысанның ғылыми, тарихи және рухани қырларына қатысты жауаптар алды.
Баспасөз турының соңында қатысушылар Үкаша ата құдығын тамашалап, халық арасында қалыптасқан зиярат дәстүрлерінің бірі – құдыққа шелек тастау рәсімімен танысты.
Үкаша ата кесенесі – Түркістанның туристік картасындағы ғана нысан емес, тарих пен руханият тоғысқан, ұрпақтан ұрпаққа жеткен мәдени мұра. Оның тарихын ғылыми тұрғыдан зерделеп, кейінгі буынға дұрыс әрі шынайы жеткізу – ортақ міндет.
