АРЫСТЫҢ ЖАСЫЛ ТӘЖІРИБЕСІ: 52 МЫҢ КӨШЕТ ТЕГІН ТАРАТЫЛДЫ

Арыста қолға алынған көгалдандыру жұмыстары Түркістан облысының өзге аудан-қалаларына үлгі ретінде таныстырылды. Қалада ұйымдастырылған арнайы семинарда жергілікті климатқа бейімделген көшет өсіру, тұқым жинау және жасыл желекті күтіп-баптау тәжірибесі көрсетілді.

Семинарға аудан-қала әкімдіктерінің жауапты мамандары мен сала басшылары қатысып, Арыстағы тұқымбақтың жұмысымен танысты. Мұндағы басты ерекшелік – көшеттердің сырттан дайын күйінде әкелінбеуі. Ағаш тұқымы Арыс аумағында өсіп тұрған ағаштардан жиналып, жергілікті жерде өсіріледі.

2023 жылы құрылған тұқымбақ бүгінде бір гектарға жуық аумақты алып жатыр. Мұнда қараағаш, шаған, айлант, үйеңкі, арша, туя, жиде, катальпа және басқа да ағаштар мен сәндік өсімдіктер өсірілуде.

Ең бастысы – нәтиже бар. 2024 жылдың күзінде 20 631, 2025 жылы 23 857, ал 2026 жылдың көктемінде 7 400 көшет таратылған. Осылайша, қысқа мерзім ішінде 52 мың дана көшет ауылдық округтерге, мекемелер мен тұрғындарға тегін берілген.

Бүгінде тұқымбақта тағы 41 430 дайын көшет бар. Ал «Жасыл Арыс» КММ қарамағындағы жалпы 41 гектар аумақта 89 мың дана ағаш көшеті өсірілуде.

Көшеттердің жайқалып өсуі үшін суару мен күтім жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Оның 75 пайызы тамшылатып суару жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұған қоса, су ресурсын үнемдеу мақсатында тазартылған кәріз суын қайта пайдалану жүйесі енгізілген.

Арыстың бұл тәжірибесінің тағы бір ерекшелігі – көгалдандыруды тек ағаш отырғызумен шектемей, тұтас жүйе ретінде қалыптастыруы. Алдағы уақытта тұқымбақ аумағын тағы 2 гектарға кеңейтіп, гүл өсіретін жылыжай салу жоспарланған.

Бір қалада басталған іс енді тұтас облысқа тарай ма? Семинардың негізгі мәні де осында. Жергілікті климатқа бейімделген көшетті өзің өсіріп, елді мекендерді өз қорыңмен көгалдандыру – сырттан көшет тасымалдауға тәуелділікті азайтып, өңірдің жасыл қорын көбейтудің бір жолы.

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекеттік рәміздер күні Арыста салтанатты түрде аталып өтті

Redaktor Arysinfo

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ҰЛТ САУЛЫҒЫ – ҰЛЫ БАЙЛЫҚ

berdaly_oraz

Арыс қаласында көпбалалы аналарға мемлекеттік наградалар табысталды