Тамшы судың да есебі бар: Жетісайда 3 мың гектардан астам алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілді
Жетісай ауданында ауыл шаруашылығын дамыту бағытында жаңа технологияларға басымдық беріліп отыр. Әсіресе су ресурсын тиімді пайдалану мәселесі өзекті тұрған өңірде тамшылатып суғару секілді заманауи әдістердің қолданылу аясы кеңейіп келеді.
Соның бір мысалы – Жаңаауыл ауылдық округіндегі жылыжай шаруашылығы. Ауыл тұрғыны Акрам Муратов үй іргесіндегі 15 соттық жерде жылыжай кәсібін дамытып, жылына 25 тоннаға дейін қияр мен қызанақ өндіреді. Кәсіпкердің шаруашылығы 10 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жиналған өнім Жетісай және Мақтаарал аудандарының сауда орындарына жөнелтіледі.
Шаруашылықтағы басты ерекшеліктің бірі – суды үнемдеп, өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретін тамшылатып суғару технологиясының қолданылуы. Бұл тәсіл су шығынын азайтып қана қоймай, өсімдікке қажетті ылғалды тиімді жеткізуге мүмкіндік береді.
Кәсіпкердің жұмысымен танысқан аудан әкімі Серік Мамытов жылыжай шаруашылығын дамытып, ауыл шаруашылығына озық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Бүгінде Жетісай ауданында 129 азаматқа тиесілі жылыжайдың жалпы көлемі 23 гектарға жеткен. Оның 3,5 гектары Жаңаауыл ауылдық округінде орналасқан. 76 шаруа қожалығының 13,48 гектар жылыжайы көгілдір отынмен, ал 53 шаруаның 9,54 гектары қатты отынмен жылытылады.
Ауыл шаруашылығында технологиялық жаңғыру жұмыстары мұнымен шектелмейді. Ауданда бір жерден екі өнім алу әдісі 1 528 гектарға, ал тамшылатып суғару технологиясы 3 041 гектар алқапқа енгізілген.
Бұл – су тапшылығы күшейген кезеңде ауыл шаруашылығын бұрынғы тәсілмен жүргізудің тиімсіз екенін көрсететін нақты мысал. Су үнемделсе – алқап сақталады, өнім артса – шаруаның табысы көбейеді. Сондықтан Жетісай үшін заманауи агротехнологияларды енгізу енді таңдау емес, уақыт талабы.
