АРЫСТА ӨНДІРІС ҚАРҚЫН АЛАДЫ: ЖАҢА МАЙ ЗАУЫТЫ МЕН ҚҰРҒАҚ ПОРТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Арыс қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және тасымалдау бағытындағы ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар өңірдегі агроөнеркәсіптік өндірісті күшейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арысқа жұмыс сапары барысында «MEGA-AGAT АГРО» ЖШС жүзеге асырып жатқан бірқатар жобаның құрылыс барысымен танысты.

Солардың ең ірісі – күнбағыс, мақта және мақсары майын өндіретін зауыт. Аумағы 9 гектарды қамтитын өндіріс орнына 11 млрд теңге инвестиция салынуда. Кәсіпорын тәулігіне 500 тонна өнім өндіруге қауқарлы болады. Зауыт іске қосылғанда 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Компания бұдан бөлек, автомобиль және теміржол көлігін байланыстыратын жүк ауыстырып тиеу орталығын да салуда. Құны 200 млн теңгені құрайтын нысан тәулігіне 2 мың тоннаға дейін жүк қабылдай алады. Жоба іске қосылғанда тағы 10 адам жұмыспен қамтылады.

Кәсіпорынның сақтау инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Былтыр 6 мың тоннаға дейін бұршақ дақылдарын сақтайтын қойма іске қосылды. Биыл тауар сақтауға арналған құрғақ портты пайдалануға беру жоспарлануда. Оған 1 млрд теңге инвестиция бағытталып, 10 жаңа жұмыс орны ашылады.

Ал келесі жылы құны 1,5 млрд теңге болатын астық және силос сақтау қоймасын іске қосу көзделген. Аумағы 2 гектар болатын нысан жылына 60 мың тоннаға дейін өнім сақтай алады.

Сонымен қатар инвестор асыл тұқымды жылқы өсіретін кешенді іске қосуды жоспарлап отыр. 1,5 гектар аумақта орналасатын кешенде 30 басқа дейін асыл тұқымды жылқы өсіріледі.

Облыс әкімі өндірістік жобалардың өңір экономикасы үшін маңызын атап өтіп, жауапты басшыларға инвесторларды сүйемелдеуді жалғастырып, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Жалпы, бұл жобалар Арыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін тек өндіретін емес, өңдейтін, сақтайтын және тасымалдайтын маңызды агроөнеркәсіптік орталыққа айналуына жол ашпақ. Сонымен қатар ондаған жаңа жұмыс орны құрылып, жергілікті өнімнің қосылған құны артады.

Ұқсас жаңалықтар

Сенатор Жанна Асанова Қазақстанда некеге мектеп жасынан бастап дайындық жүргізуді ұсынды

berdaly_oraz

Түркістан облысында заманауи капсулалы үйлер салу ісі дамиды

Арыста жаңа оқу жылына орай мектеп жәрмеңкесі өтеді

berdaly_oraz