АЗИЯ ТӨРІНДЕ АЙБЫНДАҒАН АРЫСТАР: ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖҮЛДЕГЕРЛЕР ТУҒАН ЖЕРГЕ ОРАЛДЫ

Жапонияның Аичи–Нагоя қалаларында өткен ХХ жазғы Азия ойындары Қазақстан спортшылары үшін нәтижелі аяқталды. Құрлықтың басты додасында ұлттық құрама 84 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады.

Қазақстан құрамасының сапында Түркістан облысының спортшылары да ел намысын абыроймен қорғады. Байрақты бәсекеге өңірден 35 спортшы спорттың 14 түрінен қатысып, қоржынға 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль салды.

Азия ойындарынан жүлдемен оралған түркістандық спортшылардың бір тобы бүгін туған жерге табан тіреді. Оларды Түркістан халықаралық әуежайынан спорт саласының мамандары, туған-туыстары мен жанкүйерлері зор қошеметпен қарсы алды.

Жерге жеңіспен оралған спортшылар қатарында дзюдодан командалық жарыста күміс медаль иеленген Айдар Арапов, еркін күрестен қола жүлдегер атанған Едіге Қасымбек және әйелдер күресінен қола медаль жеңіп алған Нилуфар Раимова бар.

Жүлдегерлерді қарсы алу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев та қатысты. Ол спортшыларды жеңісімен құттықтап, олардың жетістігі өңір спортының дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.

«Туған жерге қош келдіңіздер! Сіздер құрлықтың үздік спортшыларымен сынға түсіп, табандылық пен жоғары шеберліктің үлгісін көрсеттіңіздер. Жеңістеріңіз – тынымсыз еңбектің жемісі. Алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындырып, Олимпиада ойындарында Қазақстанның көк туын желбіретулеріңізге тілектеспіз», – деді Ертай Алтаев.

Түркістандық спортшылар үшін бұл нәтиже кездейсоқ жетістік емес. 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында өңір спортшылары 2 күміс және 2 қола медаль иеленген еді. Ал биылғы додада жүлде саны жетіге жетіп отыр.

Бұл – түркістандық спортшылардың құрлық деңгейіндегі бәсекеде өз орнын қалыптастырып келе жатқанын көрсетеді. Бозкілемде ел намысын қорғаған балуандардың әр медалі – туған өлкенің ғана емес, тұтас Қазақстан спортының мерейі.

Жүлдегерлер өздерін қарсы алған ел-жұртқа алғыстарын білдіріп, алдағы халықаралық жарыстарда бұдан да биік нәтижелерге қол жеткізуге ниетті екенін жеткізді.

Ұқсас жаңалықтар

Қытай азаматтары Қазақстанға қоныс аудара бастады: саны 3 есеге артқан

Redaktor Arysinfo

Декреттік төлемді заңсыз рәсімдегендер жауапқа тартылуда

Redaktor Arysinfo

Қарапайым отбасыдан шыққан шымкенттік оқушы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарынан шақырту алды

Альфия Адамбек