ҚАЗАҚСТАНДА САЛЫНАТЫН 4 СЕРВИСТІК ОРТАЛЫҚТЫҢ БІРІ АРЫСТА БОЙ КӨТЕРІП ЖАТЫР

Арыста теміржол саласындағы маңызды инвестициялық жобалардың бірі жүзеге асуда. Қазақстан мен Францияның бірлескен жобасы аясында электровоздарға сервистік қызмет көрсететін жаңа орталық бой көтеріп жатыр. Бұл нысан еліміз бойынша салынатын төрт сервистік орталықтың бірі болмақ.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласына жұмыс сапары барысында Арыс–Шардара тасжолы бойындағы нысанға барып, құрылыс барысымен танысты. Өңір басшысы жоба бастамашыларымен кездесіп, өндірістік нысанның іске қосылу мерзімі мен инвестициялық жобаның жүзеге асу барысын талқылады.

Жоба франциялық Alstom компаниясы мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы инвестициялық келісім негізінде қолға алынған. Жобаны «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС жүзеге асыруда.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталған. Жалпы инвестициялық құны 3,5 млрд теңгені құрайтын нысан 2,9 гектар аумақты алып жатыр. Оның өндірістік ғимаратының көлемі – 4 100 шаршы метр.

Жаңа сервистік орталықтың өндірістік қуаты да ауқымды. Нысан толық іске қосылғаннан кейін жылына 2 мың электровозға дейін сервистік қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Арыс қаласында 50 жаңа жұмыс орны ашылады.

Облыс әкімі жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығын атап өтіп, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ инвесторларға қажетті қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталды.

Жаңа орталықтың жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарланған. Бұл жоба Арыстың теміржол торабы ретіндегі әлеуетін күшейтіп қана қоймай, қаладағы өндірістік инфрақұрылымның дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында ветеринария саласы қызметкерлеріне 85 көлік тапсырылып, су шаруашылығы өкілдеріне құрмет көрсетілді

ҚОСТАНАЙДА ӨТКЕН ЖАС СПОРТШЫЛАР ДОДАСЫНДА ШЫМКЕНТТІК ДЗЮДОШЫЛАР ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

berdaly_oraz

Шымкентте әскери қызметшілер «Даңқ» мемориалын тазалады