КӘСІП БАСТАЙМЫН ДЕГЕНГЕ МҮМКІНДІК КӨП: ТҮРКІСТАНДА БОЛАШАҚ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ БАҒЫТ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістанда кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан азаматтарға өз ісін бастауға қажетті білім мен тәжірибе берілді. «TÚRKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ұйымдастырған «Кәсіпкерлік негіздері» семинар-тренингі болашақ кәсіпкерлер үшін теориялық білімді тәжірибемен ұштастырған маңызды алаңға айналды.

Семинар барысында қатысушыларға бизнесті неден бастау керек, тиімді бизнес-жоспарды қалай әзірлеу қажет және кәсіпті дамыту үшін қандай мүмкіндіктерді пайдалануға болатыны түсіндірілді. Орталықтың оқыту бөлімінің басшысы Ержан Кангелдиев кәсіпкерлік жолындағы алғашқы қадамдар мен бизнес жүргізудің негізгі тетіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

Әсіресе мемлекеттік қолдау шаралары, гранттар мен жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған практикалық сабақтар өткізіліп, кәсіп бастауға ниетті азаматтарға нақты кеңестер ұсынылды.

Семинар соңында қатысушыларға сертификат табысталып, білімдерін іс жүзінде бекітуге мүмкіндік беретін тәжірибелік сабақ ұйымдастырылды. Болашақ кәсіпкерлер моноқаладағы танымал «Әлия тәттілері» кондитерлік цехына барып, өндірістің тыныс-тіршілігімен танысты.

Қатысушылар өнімнің дайындалу барысын көріп, өндірісті ұйымдастыру, тұтынушы сұранысын зерттеу, сапалы өнім ұсыну және кәсіпті тұрақты дамыту бағытындағы тәжірибелермен бөлісті. Бұл кездесу кәсіпкерліктің тек идеядан тұрмайтынын, оны жүйелі жоспарлау мен күнделікті еңбектің нәтижесінде нақты іске айналдыруға болатынын көрсетті.

Осындай семинарлар кәсіп бастауға ниетті азаматтардың білімін арттырып қана қоймай, олардың өз күшіне деген сенімін нығайтады. Теория мен тәжірибені қатар қамтыған оқыту бағдарламасы жаңа бизнес идеялардың жүзеге асуына жол ашып, Түркістанда жаңа кәсіптердің көбеюіне серпін бермек.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкент қаласында қызметтік иттердің көмегімен 64 қылмыс ашылды

«БОЛАШАҚТА АЗ ЗЕЙНЕТАҚЫ АЛМАУ ҮШІН ҚАЗІРДЕН ЖИНАУ КЕРЕК» МИНИСТР

Түркістан облысында бес жаңа индустриалды аймақ ашылды

berdaly_oraz