АРЫС ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТАЛАБЫ ТЫҢДАЛДЫ: ӘКІМ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУГЕ ТАПСЫРМА БЕРДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласының тұрғындарымен кездесіп, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттерді талқылады. Жиында тұрғындар жол, ауызсу, газ, абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерін тікелей жеткізді.

Арыс – өңірдің көлік-логистикалық және экономикалық әлеуетінде маңызды орын алатын қалалардың бірі. Қалада жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижесінде экономикалық көрсеткіштер де өсіп келеді. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында Арыстың жалпы өңірлік өнімі 52,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,3 пайызға артқан. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,3 млрд теңгені, негізгі капиталға салынған инвестиция 16,1 млрд теңгені құрады.

Құрылыс саласында да жұмыс қарқынды. Биыл 13,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс жұмыстарының көлемі 5 млрд теңгеге жеткен. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 23,9 млрд теңгені құрады.

Облыс әкімі қаланың әлеуетін тиімді пайдаланып, экономикалық өсімді одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті.

«Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – атқарылған жұмыстарды баяндау ғана емес, тұрғындардың өздерін толғандырған мәселелерді тікелей тыңдау. Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды. Қай мәселені қандай мерзімде және қандай жолмен шешуге болатынын нақты айқындауымыз қажет», – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесуде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға қатысты атқарылған жұмыстар да сараланды. «Келешек мектептері» жобасы аясында Арыста 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жобаға 4,7 млрд теңге бағытталған. Бұған дейін «Отырар» тұрғын ауданындағы 600 орындық мектеп те ел игілігіне берілген.

Сонымен қатар «Барыс» тұрғын ауданындағы 60 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысы аяқталып, тұрғын үй сатып алынған. Жиделі, Байырқұм, Көкжиде және Аққала елді мекендері табиғи газға қосылды. Биыл Отырар-2 және Талдықұдық тұрғын аудандарын газдандыру жұмыстары басталды.

Тұрғындардың талап-тілегі жаңа мәселелермен ғана шектелген жоқ. Өткен жылғы кездесуде көтерілген 14 мәселенің 12-сі орындалған, бір мәселе жүзеге асырылу үстінде екені айтылды.

Ұқсас жаңалықтар

Арыста «Халық заңгері» республикалық акциясы өтеді

berdaly_oraz

Полиция күдіктілерден 12 мыңнан астам «Трамадол» таблеткасын тәркіледі

Альфия Адамбек

Қоқиқаздардың мекен ету ортасын сақтау үшін Қорғалжын қорығына 40 млн текше метр су жіберілді

Redaktor Arysinfo