Түркістанда IV Халықаралық ТҮРКСОЙ студенттік театр фестивалі мәресіне жетті. 5–7 қазан аралығында өткен өнер додасына Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанның жоғары оқу орындарынан жас театр мамандары қатысты.
Бірнеше күн бойы студенттік театр ұжымдары өз қойылымдарын ұсынып, шығармашылық шеберліктерін ортаға салды. Фестиваль жас өнерпаздардың тәжірибе алмасуына, кәсіби байланысын нығайтуға және түркі халықтарына ортақ рухани-мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталды.
Жабылу салтанаты Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өтті. Шараға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңесі мен университет басшылығы, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бақытжан Садықов және Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысты.
Қала әкімі фестивальдің Түркістанда өтуі шаһар үшін маңызды мәдени оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай халықаралық басқосулар жас өнер иелерінің кәсіби тұрғыда қалыптасуына жол ашып, түркі елдерінің шығармашылық байланысын одан әрі күшейтеді.
Фестиваль қорытындысында үздік қойылымдар мен өнер көрсеткен жас театр мамандары анықталып, жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталды. Осылайша, Түркістан төрінде түркі елдерінің театр өнерін тоғыстырған халықаралық фестиваль өз мәресіне жетті.
